Норвегияда лай көшкінінен тағы бір адам көз жұмды

Норвегияның оңтүстігінде лай көшкіні кезінде опат болған тағы 1 тұрғынның денесі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, құрбандар саны үшеуге жетті. Құтқарушылар із-түзсіз жоғалған 9 кісіні әлі таба алмай жатыр. Іздеуге көршілес Швециядан арнайы топ көмекке келген. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, лай 9 ғимаратты басып қалған.

Естеріңізге сала кетейік, табиғат апаты 30 желтоқсанда болған. Бірінші күні 2 адам опат болып, 10-ы жарақат алған еді. Мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.

Томас Норберг, Швециядан келген құтқарушы:

- Іздеу-құтқару жұмысы бүгін де, ертең де жалғасады. Бүкіл аумақты қайта қарап шығамыз. Операцияға полицейлердің иісшіл иттерін де қосамыз.