Аргентина жағажайларында сақтық шаралары орындалмай отыр

Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде 11-орында тұрған Аргентинада мыңдаған адам жағажайларда демалып жатыр.

Әсіресе, Атлант мұхитының жағасындағы Мар-дель-Плата қаласына келушілер өте көп. Қазір бұл елде жаз мезгілі. Бірақ демалушылар бетперде кимей, әлеуметтік арақашықтыққа мүлде мән бермеуде. Осы жағы жергілікті билікті қатты алаңдатып отыр. Осыдан 3 күн бұрын ғана бір тәулікте індетке шалдығу көлемі 2 есе артқан болатын. Әдемі жағажайларымен әлемге әйгілі Буэнос-Айрес провинциясында Аргентина халқының 40 проценті тұрады. Қазір бұл елде карантин тек түнгі уақытқа ғана енгізілген.

Лаура Перез, жергілікті тұрғын:

– Мар-дель-Плата - туристік шаһар. Қаладағы қонақ үй, мейрамхана, сауда салалары көбірек зардап шекті, шығынға белшесінен батты. Сондықтан бизнесмендер бүгінгі мерзімге қатты дайындалды. Бәрімізде үміт пен күдік бірдей болып тұр.

Соңғы дерек бойынша, Аргентинада коронавирус жұқтырғандар саны 1 миллион 600 мыңнан асып, құрбандар қатары 44 мыңға жеткен. Елдегі жаппай вакциналау өткен жылдың аяғында басталған болатын. Оңтүстік америкалық мемлекет былтыр ресейлік «Спутник Ви» вакцинасының 300 мың дозасын сатып алған еді.