Бангладеште босқындар лагері өртенді

Бүгін Бангладештің оңтүстігінде рохинжа босқындары тұратын тағы да бір лагерь өртенді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен соңғы бір аптада рохинжа халқы тұратын екінші қалашық күлге айналды.

Еске салып кетсек, 14-қаңтарда Наяпара лагерінде шыққан жойқын өртттің кесірінен мыңдаған босқын баспанасыз қалған болатын. 550 ден аса тұрғын үй мен 150 дүкен жанып кетті. Бангладештің оңтүстігінде бір миллионнан аса босқын тұрып жатыр. Олардың көбісі 2017 жылы діни араздықтан туындаған қақтығыстардан кейін Мьянмадан Бангладешке бас асуғалаған еді.  Мұсылман дінін ұстанатын рохинжа халқы - британ отаршылары 19-ғасырда Бангладештен көшірген жұмысшылардың ұрпағы.

Мьянма аумағында екі жүздей жыл тұрып жатқанына қарамастан, ел билігі оларды заңсыз келімсектер ретінде санайды. БҰҰ өкілдері рохинжаларды ең көп қуғынға ұшыраған халық деп таныған. Бангладеште тұрып жатқан босқындардың да жағдайы мәз емес. Бұл әлемдегі ең кедей әрі тығыз қоныстанған елдердің бірі. Сондықтан, рохинжа халқы негізінен халықаралық ұйымдардың көмегі арқасында күнін көріп жүр.