Еурокомиссия: Коронавирустың жаңа геномын көбірек зерттеу керек

Еурокомиссия Еуроодақ елдерін коронавирустың жаңа геномын көбірек зерттеуге шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай зерттеу мутациялық түрін тез анықтауға мүмкіндік бермек. Бұл туралы Еуроодақтың бас атқарушы мекемесінің вице-президенті Марош Шефчович мәлімдеді. Әңгіме COVID-19-дың британиялық штамы туралы болып отыр. Сарапшы вакциналаудың жарысқа айналғанын айта келе, «вирус геномдарын анықтауды тездету, оның қалай дамитынын және одан не күтуге болатынын көрсетеді» деп атап өтті.

Айта кетейік, 21 қаңтарда Еуроодаққа мүше елдердің басшылары бейнеконференция арқылы бас қоспақ. Онда вакциналау куәліктерінің жүйесін жасау талқыланбақ.

Марош Шевчович, Еурокомиссияның вице-президенті:

- Вакциналаудан өткен адамдар туралы мәліметтер базасын, яғни олар туралы медициналық деректерді алмасуға арналған электронды жүйе жасалу қажет. Тек жеке мәліметтерді қорғау нормалары толық сақталған жөн. Бірақ вакциналау куәліктері нақты қалай қолданылады деген сұрақ туындайды. Бастысы, екпені салдырғысы келмейтін немесе медициналық көрсеткіштері бойынша салдыра алмайтын адамдардың жүріс-тұрыс еркіндігін шектелмеуі тиіс.