Қырғызстанда экономикалық өсім азайды

Қырғызстан экономикасы ауыр дағдарысты осыдан 26 жыл бұрын бастан кешкен еді. Содан бері елдің сауда және өндірістік әлеуеті өсіп келген.

Алайда коронавирус індеті мен саяси тұрақсыздық экономикаға ауыр тиді. Бұл жағдайда тек ауыл шаруашылығы тұрақты дамып жатты. Шекара бірнеше айға жабылып, экспорт көлемі азайғанына қарамастан ол былтыр өсім көрсеткен жалғыз сала болды. Азық-түлік жеткізуде іркіліс болдырмау жөнінде Еуразиялық одаққа мүше елдермен жасасқан келісім қырғыз фермерлерін күйзелістен сақтап қалды. Көкөніс пен жеміс-жидек бұрынғыдай Қазақстан мен Ресей нарықтарына экспортқа шығарылып жатыр. Алайда ірі қара мен ұсақ малдың етін өткізу қиындап кетті.

Ленара Ниязбекова, Қырғызстан экспортёрлері қауымдастығының президенті:

- Фермерлеріміз үлкен мөлшерде картоп, сарымсақ пен пияз өндіретінін білесіздер. Бұған ірі қара мен ұсақ малды қосуға болады. Бірақ пандемияға байланысты біз етті экспортқа шығара алған жоқпыз. Өйткені ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мен ұсақ малды елден шығаруға тыйым салуды ұсынған болатын.

Қырғызстанда 9 миллион ұсақ мал мен 2 миллион ірі қара мал тіркелген. Өткен жылы оның тек үш процентін ғана экспортқа шығарды.  Ауыл шаруашылығы министрлігі төмен көрсеткішті сауда көлемінің азаюы мен етке деген ішкі сұранысты қамту міндетімен түсіндіреді. Сондай-ақ ірі азық-түлік корпорациялар мен агрохолдингтер құру бойынша Қазақстан тәжірибесін ендіру шешілді. Бұл тауар өндірушілердің мүдделерін қорғап, экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашады. 

Тілек Токтогазиев, Қырғызстан ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрі:

- Фермерлерімізді біріктіріп, салалық қауымдастықтар құрып, ұсақ тауарлы өндіріс мәселесін шешеміз. Қазір сүт палатасын құру жұмысы аяқталайын деп отыр. Жаңа жылға дейін Қырғызстанның малшылар Одағын жасақтап, оны Қазақстан және Ресей малшылар одақтарымен байланыстырдық. Транзиттік әлеуетімізді дамыту бойынша келіссөздер өтіп жатыр. 

Ауыл шаруашылық министрлігі ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар желісін құруды көздеп отыр. Тағы бір міндет заман талабына сай аграрлық саланы цифрландыру. Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктес елдер де осындай талап қойып отыр.

Автор: Бакыт Чермашев