COVID-19: Грекия астанасында шектеулер қайта қатаңдатылды

Грекия астанасында індеттің кеңінен таралуына байланысты шектеулер қатаңдатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі соңғы аптада шаһарда вирусты жұқтырғандар саны күрт өскен. Жаңа тәртіпке сай бірер апта бұрын ашылған дүкендерде тұтынушыларды қабылдау тәртібі өзгерді. Ал дүйсенбі күні орта мектептерді ашу туралы жоспар қайта қаралып, тек алғашқы 3 сынып оқушыларына ғана мектеп қабырғасына оралуға рұқсат етілді.

Айта кетейік, Грекияда былтыр қараша айында енгізілген карантин мен коменданттық сағат тек 2 апта бұрын жеңілдетіле бастаған еді. Ал, ресми дерекке сүйенсек 10 миллионнан астам халқы бар Грекияда 155 мың адам вирусты жұқтырған.