Израильде коронавирус жұқтырған балалар қатары артты

Израиль шектеу шараларын жеңілдетпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Керісінше карантин күшейтіледі. Бұл коронавирустың жаңа мутацияларына байланысты қабылданған шешім. Оның үстіне вирус балалар арасында тез тарап барады.

Израильдегі статистика көңіл көншітпейді. Өйткені қазір коронавирус жұқтырып жатқандардың шамамен жартысы – балалар. Осы ретте ауруханаларда індет жұқтырған бүлдіршіндер үшін арнайы бөлімдер ашыла бастады. Сорақысы сол, көбінің жағдайы ауыр.

Асаф Мандель, Балалар бөлімінің кезекші дәрігері:

– Бізде жаңадан туылған нәрестелер, екі жасар балғындар бар. Кішкентай науқастар коронавирусқа дейін де басқа аурулармен ауырған. Ал коронавирус оларды асқындырып жіберді. Әзірге вирустың жаңа мутациялары балаларға үшін қауіптірек деген нақты мәлімет жоқ. Бірақ біздің статистикамыз бойынша кішкентай науқастар санының артып бара жатқанын көрсетіп отыр.

Ата-аналар балаларының жанында тек бірнеше сағат қана отыра алады, қонуға рұқсат жоқ. Бұл ата-аналарының вирус жұқтыру қаупін азайту үшін жасалып отыр. Жалпы, бүкіл ел бойынша соңғы уақытта жағдайы ауыр науқастар саны 6 есеге артқан. Кісі өлімінің де көрсеткіштері жоғары. 5 мың адам көз жұмған. Олардың төрттен бірі қаңтарда тіркелген.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Бір орында көп адамның жиылуына рұқсат бермеуіміз керек. Бұл діндар еврейлер, арабтар не басқа да тұрғындар болсын, бәріне ортақ ереже. Оған бәрі бірдей бағыну керек. Бірігетін кез келді. Қауіпсіз арақашықтықты сақтап, кез келген секторда көп адамның жиналуына рұқсат жоқ.

Эпидемиологиялық ахуалдың нашаралауының бір себебі – ультраортодокстар. Жақында танымал раввинді жерлеу рәсіміне мыңдаған діндар еврей жиналған. Жұрт әлеуметтік арақашықтық сақтамай, маска тақпаған. Полицейлер араласпай, тек сырттан ғана бақылап тұрған. Жалпы, елде локдаун 5 ақпанға дейін ұзартылды. Әуежайлар 7 ақпанға дейін жабық болады. Карантинді бұзғандар үшін айыппұл 2 есе артты. Соңғы тіркеліп жатқан деректердің шамамен жартысы жаңа мутацияларға байланысты. Қазір елде вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Екпенің екінші дозасын 2 миллионға жуық адам алған. Билік препарат жетеді дейді. Қазір оны тіпті оқушыларға да салып жатыр.

Авторлар: Жұлдыз Атагельдиева, Сергей Ауслендер