Австралияның Виктория штатында 28 күнде алғаш рет коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді

Австралияның Виктория штатында соңғы 28 күнде алғаш рет коронавирус жұқтырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға Мельбурн қаласында тіркелген. Мұнда қазір 6 бірдей теннис турнирі өтіп жатыр. Соларға қатысатын спортшылар тұрып жатқан қонақ үй қызметкері тапсырған тест оң нәтиже көрсеткен. Салдарынан науқаспен байланыста болғандар карантинге жіберілді. Ал, билік бүгінге жоспарланған бүкіл матчты өткізбейміз деп шешті. Жаңа дерекке байланысты Мельбурнде шектеу шаралары күшейтілді. Енді тұрғындар жабық орындарда маска тағуға міндеттеледі. Бір жерде жиналатын адам саны 15-тен аспауы тиіс. Жергілікті билік алдын ала қамданып, вакцинаның қосымша дозаларын сатып алуға бел буған.

Скотт Моррисон, Австралия премьер-министрі:

- Pfizer вакцинасының қосымша 10 миллион дозасын сатып алу туралы келісімге қол қойдық. Сонда бізде 150 миллион доза болып отыр. Бұл өз халқымызды екпемен қамтамасыз етіп қана қоймай, өзгелерге де көмектесуге жетеді.