Карантиндегі өмір. Мәскеуде ерекше музей ашылды

Ерекше көрмеде карантиндегі азаматтардың өмірі қалай өзгергені көрсетілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қызыл аймақтан» шыққан дәрігерлердің оқиғалары көпшілік назарына ұсынылып, жеке қорғаныс құралдары экспонат ретінде қойылған.

Триумф галереясы пандемия туралы «Төтенше жағдай» көрмесін ашты. Ал Мәскеу мұражайы оқшаулануға қатысты тың деректерді жинай бастады. Көрме мақсаты – адамзаттың пандемия кезінде бастан кешіргендерін тарихқа жазу.

Екатерина Бермант, «Бала жүрегі» қорының директоры:

– Біз барлығына таныс заттарды суретке түсірдік. Міне, азық түлік тауарлары мен дәретхана қағазы, зумда үстіне костюм киіп отырып, ал төменгі жағында үй киімімен отырған адамдар. Балалардың қашықтан оқып, үйде қамалып отырғаны. Мұның барлығы – өмірден алынған сәттер.

Александр Сорин, фотодок қорының директоры:

– Бір жағынан үйде отырған пайдалы болды, аурудан қорғады. Екінші жағынан, біздің өміріміз төрт қабырғада өтіп жатты. Әр күніміз екіншісіне ұқсас болып кетті. Шындығында бұл маңызды тарихи сәт. Біз оны әлі де саралап, көп нәрсені еске аламыз деп ойлаймын.

Экспозиция төрт бөлімнен тұрады: Оның әрқайсысы Мәскеудегі коронавирустың таралу хроникасымен байланысты. Әрі белгілі бір эмоцияны білдіреді. Жобада кәсіби суретшілердің жұмыстары да бар. Мұнда дәрігерлердің, еріктілердің, курьерлердің, фотографтардың әңгімелері жинақталған. Олардың барлығы үйге, отбасылық қатынастарға, жұмыс пен шығармашылыққа қатысты.

Полина Гишич, қала тұрғыны:

– Өміріңіз төрт қабырғамен шектелгенде, қоршаған ортаның өзге қырларына бейімделе бастайсыз. Пәтер ішінің өзінен жаңа бір әлем ашасыз.

Жоспар бойынша, офлайн көрме наурыз айының ортасына дейін жұмыс істейді. Жоба жетекшілерінің сөзінше, пандемияға байланысты ерекше туындыларды жинау ісі әлі де өз жалғасын табады.