Бельгияда бүгінге дейін халықтың 4%-і ғана егілген

Бельгия ғалымдары коронавирусқа қарсы 70%-тік ұжымдық иммунитет індетті тоқтатуға жеткілікісіз дейді.

Сондықтан мамандар жұқпалы кеселге қарсы халықтың жаппай вакциналануына күш салуды көздейді. Әзірге бұл елде вакцинаның бірінші дозасын халықтың 4%-і ғана алған. Шараның баяу жүруіне вакцинаның жетіспеушілігі себеп.

Жанат Эрнст, тілші:

- Бельгияда халықты коронавирусқа қарсы егу баяу жүріп жатыр. Оған вакцинаның уақытылы жеткізілмеуі себеп. Бүгінге дейін халықтың 4%-і ғана егілген. Олар негізінен қарттар үйінің тұрғындары мен індетпен күресіп жатқан дәрігерлер. Вакцина салдыру әр адамның өз еркінде. Елде жүргізілген соңғы сауалнамаға қарағанда, халықтың жартысынан көбі екпені қолдап, оны салдыратынын айтқан.

Вирджиния, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Мен вакциналау міндетті деп ойлаймын. Оны қолдаймын. Ол дерттің асқынуын төмендетіп, індеттің таралуын тоқтатады. Қазір коронавирустың жаңа штамдары көбейгендіктен, оны жұқтырып алу қаупі де жоғары.

Елена, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Мен дәрігермін. Сондықтан вакцина салдыру керек деген пікірмен толық келісемін. Бізде басқа таңдау жоқ. Зерттеулер де алға жылжымайды.

Бірақ Корольдіктің кей тұрғындары елде вакцина туралы ақпараттың жетіспеушілігін айтады. «Сондықтан билік екпе науқанын бастамас бұрын халықты вакцина туралы ақпармен жан-жақты қамтамасыз етуі керек еді» дейді.

Ким, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Менің ойымша, біздің елде өзге мемлекеттерге қарағанда вакциналау баяу жүріп жатыр. Екпе алар едім, бірақ ол туралы ақпарат аз. Әлі күнге дейін қандай вакцинаның қандай айырмашылығы барын білмеймін. Сондықтан халыққа екпе жайлы толық ақпарат берілгені дұрыс шығар.

Корольдік билігі жақында вакциналаудың оң әсері байқала бастағанын мәлімдеді. Қарттар үйінде індеттің таралуы бәсеңдеген. Ал AstraZeneca компаниясының вакциансын жасы 55-ке дейінгі адамдарға ғана қолдану рұқсат етілгенін айтады. Жасы 65-тен асқан қарттарға оның әсері тексерілмейінше қолданылмайды деп отыр.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов