АҚШ ғалымы вакцина туралы қауесеттерге сенбеуге шақырды

Коронавируске қарсы вакциналар қауіпсіз әрі тиімді. АҚШ-тың жұқпалы аурулар бойынша бас сарапшысы Энтони Фаучи осылай деп мәлімдеп, екпелер төңірегіндегі алыпқашпа сөздерге сенбеуге шақырды.

Ол мұндай мәлімдемені Вашингтонда діни тұлғалармен кездесуде жасады. Себебі ақпан айындағы деректер Америкада қара нәсілді және латынамерикалық тұрғындардың вакцинаны аз салдырғанын көрсеткен. Ақпарат құралдары бұған кей тарихи оқиғалар әсер еткенін айтады. Энтони Фаучи «ковид-19-ға қарсы вакцинамен адамдарды бақылау үшін чип орнатылады» деген ақпарат жалған деді. 

Энтони Фаучи, АҚШ Аллергия және жұқпалы аурулар ұлттық институтының директоры:

- Бізге әдетте вакцина қауіпсіз әрі тиімді ме деген сұрақты жиі қояды. Бұған мен иә деп жауап берер едім. Өйткені бұл екпелер қолданысқа рұқсат етілмес бұрын ондаған мың адамға сыналып, тексерілген. Оны үкімет немесе Конгресс емес, тәуелсіз ғалымдар және өзге де мамандар бірлесіп жасап шығарған. Содан кейін түрлі бақылау органдарының тексерісінен өтті. Сондықтан мен вакцина жасау процесі өте қатаң бақыланатынын және барлық талаптарға сай болатынын тағы бір рет ескерткім келеді.

Ал АҚШ-та халықты коронавирусқа қарсы вакциналау өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Елде «Пфайзер», «Модерна» және «Джонсон энд Джонсон» компанияларының вакцинасын пайдалануға рұқсат етілген. Қазірге дейін халықтың 19 процентке жуығы вакциналанды.

Сондай-ақ...