Түркиядағы алаңға Абай есімі берілді

Ыстамбұлдағы алаңға Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді. Ұлы ақынның есімі берілгенге дейін бұл алаң «Иста-сион мейданы» деп аталыпты. Тап осы алаңда мегаполистің Еуропа мен Азия құрлығын жалғайтын Мармарай темір жолы бекеті орналасқан.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Ыстамбұлда Абай мұрасы ұлықталып, Зейтинбурну ауданының қақ ортасындағы ірі алаңға ұлы ақынымыздың есімі берілді. Мұндай игі шараға Зейтинбурну ауданының таңдалуы бекер емес. Себебі Түркиядағы қандастарымыздың дені дәл осы жерде өмір сүреді. Енді алаңды бойлай жүрген алыстағы ағайын Абай ескерткішін тамашалап, бабымыздың рухына тағзым ете алады.

Күллі түркіге ортақ Наурыз мейрамы қарсаңында өткен шараға жергілікті тұрғындар дән риза. Өйткені мұндай іс-шаралар пандемияға байланысты бірнеше айдан бері тоқтатылған. Дегенмен, Қазақстан үшін арнайы рұқсат шығыпты. Арнамызға арнайы сұхбат берген Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлы осылай дейді.

Экрем Имамоғлы, Ыстамбұл мэрі:

- Түркия мен Қазақстан бауырлас мемлекеттер. Әлемді мойындатқан ойшылдың есімін осында мәңгілік сақтау орынды шешім болды. Қос тарап та мұның жүзеге асуы үшін көп еңбек етті. Абай алаңының Зейтунбурнунда ашылуы бауырластықтың нышаны. Бұл нышан ғасырлар бойы сақталатынына сенімдіміз. Арнаңыз арқылы Қазақстан мен қазақ бауырларыма сәлем жолдаймын.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ыстанбұл мэрі Екрем Имамоғлу, ҚР Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, қала тұрғындары мен қазақ диаспорасы қатысты. Абай Құнанбайдың 175 жылдығына Түркиядағы қандастарымыз әбден дайындалыпты. Бірі ақынға өлең шумағын жолдаса, бірі дәстүрлі әнімізді орындады.

Жаңа алаң мен ескерткішке ақжаулық киген аналар шашу шашып, жергілікті тұрғындарға қазақтың дәстүрін паш етті. Зейтинбурну ауданына қазақ қандастарымыздың алғашқы легі 1953 жылы табан тірепті. Бұл ауданды Ыстамбұлдағы кіші Қазақстан деп атауға болады.

Әлім Байел, ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулы:

- Зейтинбурну Ыстамбұлдағы қазақ ауылы іспетті. Абай алаңы мен Абай бюстінің осы ауданда ашылуы түсінікті. Ыстамбұл- Қазақстан үшін қазақ үшін аса маңызды шаһар. Бүгінгі жиын, алдағы шаралардың басы ғана деп ойлаймыз. Әсіресе, қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ары қарай да игі шараларды ұйымдастыратын боламыз.

Жаббар Жолай, жергілікті тұрғын:

- Мен Түркияда тудым. Сонда да қазақтың салт-дәстүрімен өстік. Ата-анамыз Абай әнімен бізді ұйықтататын. Қазақстанның бізді ұмытпай осында Абай ескерткішін орнатуы үлкен қуаныш.

Ыстамбұлда Абай есімі берілген мектеп бар. Осында ұлы ақынымыздың ескерткіші 2010 жылы бой көтерген. Білім ошағында Зейтинбұрнунда өмір сүретін қандастардың балалары оқиды. Жақында ғана оқу ордасында жөндеу жұмыстары жүріп, Абай бұрышы жаңартылды.

Энес Дағлы, Абай атындағы мектеп директоры:

- Мектебіміздің ауласында орналасқан Абай ескерткішін қалпына келтіру жұмыстары мен Абай бұрышын жасап берген Қазақстан елшілігі мен Ыстамбұлдағы бас консулдығына алғыс айтамыз. Бүгін міне вице-премьер әрі сыртқы істер министрі білім ордамызға келіп, бізді қуантты. Бұл біз үшін мақтаныш әрі қазақ үкіметінің қолдауы деп білеміз.

Түркияның шартарабын араласаңыз Қазақстанға қатысты көше, даңғыл немесе ғұламаларымыздың ескерткішін көруге болады. Соңғы жылдары олардың саны едәуір артқан. Тіпті кейбір аудандарда өзіңде еліңде секілді сезінесің.

Автор: Меруерт Қанағат