Латын Америкасында коронавирус дендеп барады

Сондықтан өңірдегі елдер карантинді күшейтуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, аргентиналық балалар енді қашықтан оқиды. Азиядағы ахуал да алаңдатарлық.

Үндістанда бір күнде вирус 200 мыңнан аса адамнан анықталған. Еуропада керісінше, карантин жеңілдетіледі.

Негізі олай деуге келмейді. Кәрі құрлықтағы эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Сол сабепті билік шектеу шаралары бірден емес, кезең-кезеңімен жеңілдетілетінін айтады.

Аргентинада осы аптада коронавирус жұқтырудың тәуліктік өсімі бойынша рекордтық деректер тіркелді. Сондықтан шектеу шаралары күшейтіледі. Негізі бұған дейін 20 адамнан артық жиналуға, жабық жерде спортпен шұғылдануға тыйым салынған. Тамақтану орындарды түнгі 11-ден кейін жұмысын тоқтатуы тиіс. Енді жаңа ережелер бойынша ел астанасы Буэнос-Айрес оқушылары қашықтан оқиды. Қала мен оның төңірегіндегі өңірлерде кешкі 8-ден кейін коменданттық сағат енгізіледі. 

Альберто Фернандес, Аргентина президенті:

– Кешкі сағат 8-ден таңғы 6-ға дейін көшеде жүруге болмайды. Одан бөлек, ойын-сауық орындары мен мәдени және спорттық нысандар жабылады. Балалар келесі дүйсендібен бастап онлайн оқиды. Бұл әзірге 2 аптаға созылатын шара.

Аргентина президенті қалыпты жұмысқа бүгін ғана қайта оралды. Ол коронавирус жұқтырған еді. Мемлекет басшысы қатаң карантиннен бас тартып келген. Өйткені мұнда кедейлік деңгейі жоғары. Сондықтан шара онсыз да шатқаяқтап тұрған экономикаға ауыр соққы болатынын айтқан. Аргентинада биліктің вируспен күрес шарасына қарсы наразылық акциясы өтті. Бірақ бір қызығы, ол жергілікті үкіметке емес, көрші Бразилия президентіне қарсы ұйымдастырылған.

Алехандро Бодарт, ереуілге қатысушы:

– Бразилия сақтық шараларын елемеудің символына айналды. Бірер күннен кейін ондағы кісі өлімі 400 мыңға жетеді. Алайда оған пысқырып жатқан президент жоқ. Билік басында ондай адам отырмау керек.

Бразилия билігінің вируспен күрес шараларына көрші аргентиналықтар ғана емес, жергілікті тұрғынардың да көңілі толмайды. Бразилия жұрты талай мәрте ереуіл өткізді. Өйткені президент қатаң карантин керек емес деген сөзінен таймай отыр. Қазір мемлекет басшысының пандемия кезіндегі әрекетін жергілікті сенат тергеп жатыр. Елдегі ахуал расымен күрделі. Соңғы уақытта коронавирустан жастар көп көз жұма бастаған. Жансақтау бөліміндегі төсектердің 50 проценттен астамында жасы 40-қа толмаған адамдар жатыр. Жұрттың көбін Бразилияда анықталған штамм алаңдатып отыр. Өйткені жергілікті ғалымдардың жүргізген зерттеуі вакциналардың күші бұл мутацияға қарсы әлсіз екенін көрсеткен. 

Бразилия бертінге дейін вирус жұқтырғандар бойынша әлемде екінші орында тұрды. Кейін Үндістан озып кетті. Үнді елінде соңғы тәулікте 200 мыңнан аса жаңа дерек расталды. Негізі, мелмекетте 36 күн бойы өсім тіркеліп келеді. Бірақ соңғы көрсеткіштер індеттің өрши түскенін байқатады. Ең көп дерек Махараштра штатында. Мамандар оны жаңа штамдармен байланыстырады. Өйткені дәл осы өңірде вирустың қос мутацияға ұшыраған түрін жұқтырғандар көп. Қазір әр бесінші науқаста осы штамм анықталып жатыр. Сондықтан штатта 1 мамырға дейін қатаң карантин жарияланды. Банк, дәріхана мен азық-түлік дүкендерінен басқасының бәрі жабық тұр. Тұрғындарға себепсіз тысқа шығуға болмайды.  

Арвинд Кумар, медицина орталығының директоры:

– Соңғы 24 сағатта елімізде 200 мыңнан аса адам жұқтырған. Сорақысы сол, вирус шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ. Сондықтан сұмдықтың бәрі әлі алда деп ойлаймын. Науқастар саны артып барады. Жағдайдың қашан тұрақталатынын ешкім де білмейді.

Түркияда да антирекорд. Бір тәуліктің ішінде қауіпті дертті 63 мыңға жуық адам жұқтырған. Мұнда кешеден бері карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, коменданттық сағат уақыты ұзартылды. Қалааралық қатынас шектелді. Санитарлық талаптар әзірге екі аптаға жоспарланған. Жергілікті билік жағдай тұрақталмаса, шектеулер қатаңдатылады деп ескертеді. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Түркиядағы эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты отандастарымызды уақытша Түркия еліне сапарламауға шақырады.

Ахмет Гурпинар, жергілікті тұрғын:

– Шектеулер бізде ғана емес, әлемнің өзге елдерінде де енгізіліп жатыр. Вирус дес бермей тұрғанда карантиннен құтыла алмайтынымыз анық. Тәртіпке бағынып, қолдан келгенше қорғануымыз керек.

Ал Еуропаның кей елдері керісінше, шектеу шараларын жеңілдетеді. Мәселен, Бельгия тұрғындарына 26 сәуірден бастап Еуроодақ аумағында саяхаттауға рұқсат етіледі. Мектептер қайта ашылады. Шаштараз бен сән салондары да жұмысын бастайды. Жуырда тамақтану орындарының жазғы алаңдары қызмет көрсетеді. Базарлар мен саябақтарға баруға рұқсат етіледі. Швейцарияда келесі аптадан бастап мейрамханалар мен дәмханалардың жазғы алаңдарына келушілерді қабылдауға рұқсат берілді. Енді көрермендердің қатысуымен спорттық шаралар өткізіледі. Кинотеатрлар мен театрлар да ашылады. Студенттер қайтадан жоғарғы оқу орындарына оралады. Дегенмен билік елдегі эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі екенін айтады.

Нидерландтың Утрехт қаласының билігі тәжірибе ретінде 5 дәмхананы ашқан. Осылайша тамақтану орындарының жұмысын қайта бастау қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп көрмек болған. Әуелде қолдарында коронавирусқа тапсырған тесттің теріс нәтижесі бар 3 мың адамды қабылдау жоспарланған. Бірақ жергілікті жұрт дәмханалардың ашылуын асыға күтсе керек. Сөйтіп, жарты миллионға жуық адам орынға алдын ала тапсырыс бермек болған екен.     

Бұл тәжірибенің нәтижесі қалай болатыны белгісіз. Ең бастысы, вирус жұқтыру деректері артып кетпесе болды.