Хорватияда туристік маусымға дайындық қызу жүріп жатыр

Хорватия жазғы туристік маусымға дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік биыл шетелдік демалушылар саны былтырмен салыстырғанда көп болады деген үмітте. Өйткені әлемде вакциналау науқаны жүріп жатыр. Осы ретте жергілікті қонақ үйлер сақтық шараларын күшейтті. Мәселен, мейрамханадағы үстелдер мен тіркеу бөлімінде пластиктен жасалған қалқандар орнатылған. Одан бөлек, алдағы апталарда туристік сектордың 80 мыңнан аса қызметкері коронавирусқа қарсы екпе қабылдайды. Айта кеткен жөн, Хорватия жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі шамамен 20%. Былтыр бұл сектордан түсетін табыс 2 есеге азайған. Саланы қайта жандандыру үшін 1 сәуірден бастап коронавирусқа қарсы вакцина салдырған демалушыларға елге келуге рұқсат берілді.

Австриядан келген демалушы:

- Австрияда қазір барлық орындар жабық тұр. Біз мейрамханалар мен дәмханаларға бара алмаймыз. Биыл күйеуіміз екеуіміздің үйленгенімізге 22 жыл болды. Соны қайда атап өтетінімізді білмедік. Достарымыз Хорватияны көріңдер деп кеңес берді. Бұл жер бізге ұнады. Ауа райы жақсы. Баратын орындар де жетерлік.