Қытайда Амур жолбарысы ауылға кіріп кетіп, тұрғындардың үрейін ұшырды

Қытайда Амур жолбарысы ауылға кіріп кетіп, бірнеше сағат бойы тұрғындарды үрей құшағында ұстады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салмағы 225 келідей болатын 2-3 жастағы жыртқыш бір тұрғынға шабуыл жасап, жарақаттаған. Бір көліктің терезесін сындырған.

Жолбарыстан құрбан болған ешкім жоқ. Кейін оны мамандар қолға түсіріп, дәрімен ұйықтатып, қорыққа апарып тастады. Онда ол 45 күн бақылауда болып, тек содан кейін табиғатқа қайтадан бостандыққа жіберіледі. Амур жолбарысы тұқымы құрып бара жатқан аңдар қатарында Қызыл кітапқа енгізілген. Әлемде олардың саны бірнеше жүздеп саналады, 30-дайы Қытайды мекендейді.

Жаң Шоуши, ауыл тұрғыны:

- Ерте тұрып, ауламды тазалап жүргенмін, бір кезде күтпеген жерден аңның дауысы шықты. Басында не екенін білмедім. Кейін жолбарыс екенін көрдім. Жанталаса жүгіріп, бала-шағама ескерттім.