Франция билігі терроризмге қарсы күрес бойынша жаңа заң жобасын ұсынды

Оған сәйкес арнайы барлау қызметінің құзыреті кеңейеді.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары террорлық әрекеттерді тергеу барысында ең басты қауіп сырттан емес, іштен шығатыны дәлелденді. Егер бұрын лаңкестер Ирак пен Сирияға барғанда ғана радикалдық бағытқа бет бұрса, кейінгі кездері азаматтар теріс ағымның арбауына ғаламтор арқылы түсіп жатыр. Мұндай адамдарды анықтау әдетте қиынға соғады. Енді жергілікті билік арнайы қызмет мамандарына ел аумағындағы кез келген компьютерді тексеріп, бақылай алатындай мүмкіндіктерге жол ашты. Бұдан бөлек, террорлық әрекет үшін 5 жылдан астам уақыт бас бостандығынан айырылған адам абақтыдан шыққан соң да мемлекеттің жіті назарында болады. Лаңкестерден бөлек, психиатриялық есепте тұрғандар да бақылауға алынбақ. Жаңа заң жобасы парламентте талқыланғаннан кейін жаз айларында заңды күшіне енуі мүмкін.

Жеральд Дарманан, Францияның ішкі істер министрі:

- Мысалы, адам ғаламтордан «Ирак Және Левант» лакестік ұйымының өлім жазасы жайындағы бейнероликті 5-6 мәрте іздестіріп қарайтын болса, арнайы қызмет мамандары бұдан бейхабар болуы мүмкін. Ол адамның алдағы іс-әрекетін де қадағалай алмайды. Бұдан былай барлау қызметінің дирекциясы елдің Ішкі істер министрі, Премьер-министр, Ұлттық техникалық барлау комиссиясының рұқсатымен адамның жеке бас мәліметін анықтап, оның қоғамға қаншалықты қауіпті екенін біле алатын болады. Қажет болса оның әр басқан қадамы мамандардың жіті наразында болады.