Әлемдегі ең үлкен теңізде жел электр станциясы салынады

Оңтүстік Кореяда әлемдегі ең үлкен теңіздегі жел электр станциясының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нысанды 2030 жылға дейін Ульсан жағалауында, Сеулден оңтүстік-шығысқа қарай 410 шақырым жерде салу жоспарланған. Кореядағы осындай теңіздегі алғашқы қондырғы Донгхэ газ кен орнында салынады. Сол жерде көгілдір отын өндіруі келер жылдың маусым айында тоқтатылады. Қуаты 6 гигаватт болатын жел электр станциясы елдегі шамамен 5 миллион 700 мың үй шаруашылығын электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Жоба парниктік газдар шығарындыларын жылына 9 миллион 300 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында электр станциясына 36 триллион вон немесе шамамен 32 миллиард АҚШ доллар инвестиция құйылады. Жоба бойынша 210 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Мун Дже Ин, Корея Республикасының президенті:

- Ең алдымен бұл жаңартылатын энергия көздері арасында ең сенімді өндіруші болады. Жел электр станциясы «Қазба отын дәуірінде» өнеркәсіптік астанасы аталған қалада «Таза энергия дәуірінде» осы атақты сақтауға мүмкіндік береді. Мұнда 2030 жылға қарай елдегі 12 гигаватт жел электр энергиясының жартысы өндіріледі. Бұл Кореяға жел энергетикасы бойынша жетекші бес елдің қатарына енуге мүмкіндік береді.

Алайда, жобаның қарсыластары да бар. Мамандар электростанция жағалаудан 50 шақырым жерде болатынына назар аударды. Сондықтан өте ұзын су асты электрокабельдері қажет. Жергілікті балықшылар теңіздегі жел станциясы балық аулауды азайтады және теңіз фаунасына зиян тигізеді деп санайды. Олардың пікірінше, жоғары вольтты су асты кабельдері электромагниттік өрістер тудырады, бұл балықтардың уылдырық шашуы мен көші-қонына кедергі келтіреді.