Латын Америкасында 10,5 млн бала жұмыс істеуге мәжбүр

Венесуэлада пандемияның салдары балалар үшін ауыр тиіп жатыр. Соңғы уақытта мұнда кәмелетке толмағандар еңбекке көп тартылатын болған.

Негізі коронавирус өршімей тұрып, Латын Америкасының бұл еліндегі экономикалық жағдай қиын болатын. Сондықтан балалар жұмыс істеп, ата-аналарына ақша табуға көмектесуге мәжбүр. Жеткіншектердің көбі ауыл шаруашылығы саласында еңбектенеді. Басқалары жағдайы жақсы отбасының балаларына үй тапсырмасын жасауға көмектеседі. Тағы біреулері көшеде су мен темекі сатады немесе тіптен қайыр сұраумен айналысады. Қиын жағдайды пайдаланып, жасөспірімдерді қылмыстық топқа тартатындар да көбейген екен.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда бүкіл Латын Америкасы бойынша шамамен 10 жарым миллион жеткіншек жұмыс істейді екен. Сарапшылар алдағы уақытта олардың қатарына тағы 300 мыңнан аса бала қосылуы мүмкін деп топшылап отыр.

Моисес Бракамонте, 12 жастағы оқушы:

- Маған ауыл шаруашылығымен айналысқан ұнайды. Темірмен де жұмыс істей аламын. Сондай-ақ кейде малға жем-шөбін беріп, күтім жасаймын. Ал үй тапсырмасын жұмыстан кейін істеймін.