Францияда қазақстандық сарбаздардың жерленген орны табылды

Францияда Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың қабірі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вальруа қаласының шетіндегі зиратта Кеңес Одағының 54 жауынгері жерленген. Осыдан үш жыл бұрын тарихшы Гүлнәр Меңдықұлова олардың арасында 4 отандасымыз болғанын анықтаған. Жақында дипломаттарымыз Қазақстан тумалары Александр Кособоков пен Николай Щеглов жерленген қабірлерді тапты. Олар Украина мен Ресей аумағында тұтқынға түсіп, немістер оларды Францияның Лотарингия өңіріне айдап кеткен. Әскери тұтқындар Германиямен шекаралас бұл аймақтағы тау кеніштерінде жұмыс істеді. Әрқайсысы күніне 5 тонна темір кенін шығаруға тиіс болды. Соғыстан кейін жергілікті тұрғындар бұл зиратта жыл сайын еске алу салтын өткізіп келеді.

Людмила Грушевская, Вальруа қаласының тұрғыны:

- Жергілікті тұрғындар қолынан келгенше тұтқындарға көмектесуге тырысты. Азық-түлік пен аяқ-киім беретін. Кейбір немістер оларға алма, картоп тастауға рұқсат ететін. Алайда көбі маңына жолатпайтын.

Мари-Лор Кельнер, «Стелла» комитетінің басшысы:

- Вальруа қаласында әскери тұтқындардың лагері орналасақан үй болған. Олардың көбі осында дүниеден озды. Өлтіріп, бір көрге көміп тастады. Тек кейбірі ғана осы зиратта жеке молаларда жатыр.