Лондон тұрғындары коронавирустық шектеулер мен вакциналауға қарсылық білдіруде

Лондон тұрғындары коронавирустық шектеулер мен вакциналауға қарсылық білдіріп, ереуілге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір топ тұрғын наразылық акциясын жергілікті сауда орталықтарының бірінде ұйымдастырды. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені қоғамдық орындарға кіру үшін маска тағу міндеттелген. Алайда ережеге бағынғысы келмегендер өз наразылығын тура сауда орталығының ішінде білдірген. Салдарынан ғимараттағы бірқатар дүкенді уақытша жабуға тура келді. Бұдан бөлек мыңдаған адам наразылық шарасы ретінде Лондон көшелерімен жүріп өткен.

Бейнежаздабан көрініп тұрғандай, қатысушылар маска тақпаған. Әлеуметтік қашықтық та сақталған жоқ. Сарапшылар мұның соңы коронавирусты жұқтыру деректерінің артуына әкеп соқтырмаса болды деп отыр. Алайда ереуілге шыққандардың кейбірі «вирус жоқ» деп ұрандатқан. Басқалары вакцина салдыруға қарсы екендерін айтқан. Енді біреулері шектеулер алынып тасталсын деген талап қойды. Негізі 21 мамырда Ұлыбританияда карантиндік шаралар жеңілдетілуі тиіс. Бірақ жұрт арасында вирустың үндістандық штамының тез тарауына байланысты билік мұны кейінге қалдыру мүмкін деген әңгіме тараған.