Қазына қаражатының 10 проценті жол жөндеуге бөлінді

Былтыр Украина билігі жол жөндеуге қазына қаражатының 10 процентін бөлді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Яғни бір жылда 4 млрд еуро 4 мың шақырымды жөндеуге жұмсалды. Егер бюджет ақшасы жетпесе, еуропалық қаржы ұйымдарынан несие алу көзделіп отыр. 2015 жылы Украинаның көлік-логистика инфрақұрылымы өте аянышты еді. 100-120 шақырым жолды 4-5 сағатта жүріп өту қалыпты жағдайға айналды. Украинада 170 мың шақырым автожол бар, олардың 95 проценті жүруге жарамсыз деп танылған. Екі жыл бұрын ел үкіметі тарихта бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемдегі қаражат бөліп, 4 млрд еуроны жолға жұмсады. Яғни, бюджеттің 10 проценті жөндеу жұмыстарына бөлінді. Былтыр 4 мың шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Билік енді тас жолдар үшін төлем енгізуді қарастырып жатыр.

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары:

- Жөнделген автожолдарға төлем енгізудің заңнамалық дайындығы әлі пысықталып жатыр. Ең алдымен 12 тоннадан астам салмағы бар жүк көліктерінен ақы алынады. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде бірнеше магистраль салу жоспарда бар. Жол барлық жүргізуші үшін ақылы болады.

 1,5 млн халқы бар Харьков пен Днепр қаласы және туристер көп қатынайтын Львов пен қара теңіз жағасындағы Одесса трассаларында жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Инфрақұрылым министрінің экс орынбасары ауқымды жұмыс нәтижесінде мемлекеттік маңызы бар автожолдардың жартысына жуығы жөнделеді дегенді айтады.

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары:

- Қазіргі күні Украинада 46 мың шақырым жолдың республикалық маңызы бар. Екі жыл жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жолдың үштен бірі қалыпты жағдайға келді. Алдағы үш жылда мемлекеттік маңызы бар жолдардың 60 проценті жақсарады. Бұл дегеніміз 25 мың шақырым жол.

 «Үлкен жол жөндеу жұмысына Украина үкіметінің ковидпен күрес қорынан да қаржы жұмсалды» деген дау туған еді қоғамда. Бұған билік «медицина мен жол тығыз байланысты» деп жауап қатты. Жолдардың сапасы сын көтермесе, ауру адам дер кезінде емханаға жете алмайтыны рас. Сондықтан Украина билігі алдағы жылда да бюджеттің 10 процентін жолға бөлуді қарастырады. Немесе еуропалық қаржы ұйымдарынан несие сұрайды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко