Шри-Ланкада екі аптадай өртенген жүк кемесі суға батып кетті

Шри-Ланканың батыс жағалауына жақын теңізде 2 аптадай жанған жүк кемесі суға батып, ел тарихында ең ірі экологиялық апат болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі 1 жарым мыңға жуық контейнер салынған кемеде 25 тонна химикат пен 350 тоннадай мұнай болған. Үкімет 150 шақырымдай радиуста балық аулауға тыйым салып, жергілікті тұрғындарды жүк қалдықтарына жоламауға шақырды.

Рохита Абейгунаварден, Шри-Ланканың порттар мен порттарды дамыту министрі:

– Мұндай апаттар өзге де елдерде болған. Осындай төтенше оқиғалар тіркелгенде, жергілікті үкіметтер кінәлілерден өтемақы талап етеді. Сондықтан біз де халықаралық заңға сай апаттан келген шығынды өтеуді талап ететін боламыз.

Оқыс оқиға мамырдың 20-сы күні басталған. Үндістаннан шыққан кеме Шри-Ланканың Коломбо портына жақындай бергенде өртке оранады. Бірақ қолайсыз ауа райынан оны сөндіру қиындап, билік кемені жағалаудан алшақ алып кетуге шешім қабылдайды. Өрттің шығу себебін азот қышқылының төгілуінен болуы мүмкін деп болжап отыр тергеушілер. Қазіргі таңда кеме экипажы ұсталып, тергеу жүріп жатыр.