COVID-19: әлемдегі ахуал мәз емес

Әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 174 млн-нан, ал дерттен көз жұмғандардың қатары 3 млн-нан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Джонс Хопкинс университетінің мәліметі. Ауру жұқтыру дерегі бойынша алғашқы үштікте АҚШ, Үндістан мен Бразилия тұр. Бүгінде коронавирус Гаитиде де ушыға бастады. Елде әлі күнге дейін вакцинация науқаны басталмаған. Аймақта вирустың жаңа штамдары өршіп тұр. Өткен айда вирус жұқтыру дерегі мен өлім көрсеткіші 5 есеге артқан. Ауруханаларда жаңа науқастарды жатқызатын бос орын жоқ. Жергілікті билік тұрғындарды санитарлық талаптарды бұлжытпай орындауға шақырады. Ал шенеуніктер биліктен түнгі уақытта коменданттық сағат жариялап, оқу бітірген түлектерге салтанатты диплом табыстау шарасын өткізуге рұқсат бермеуін талап етті.

Айта кетейік, алдағы аптада Ковакс бағдарламасы аясында Гаитиге алғашқы 130 мың доза вакцина жетуі тиіс.

Жовенель Моиз, Гаити президенті:

– Мектептердегі соңғы қоңырауды және өзге де мерекелік іс-шаралардың өткізілуіне тыйым саламыз. Бұл студенттер мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім. Қазір аймақта өлім-жітім артып барады. Осыған орай түнгі 22:00-ден таңғы 5-ке дейін коменданттық сағат жарияладық. Бұл шектеулер жарты айға дейін созылады.

Ал Венесуэлада өткен айда басталған вакцинация науқаны қарқын ала бастады. Ел тұрғындары екпе қабылдау үшін сағаттап ұзын сонар кезекте тұр. Кей екпе егу орталықтарында түзілген кезек 400 метрге дейін созылған. Басында вакцинаны алдын ала жазылғандар ғана қабылдаса, қазір тұрғындардың барлығы егіліп жатыр.

Аймақта ресейлік «Спутник ви» мен қытайлық «Синофарм» вакцинасы қолданылады.

Карина Фернандес, Каракас тұрғыны:

– Таңертең ерте келген жақсы. Кезегің тез жетеді. Бұл жерде сағаттап тұрған да қауіпті. Кезекте тұрып, ауру жұқтырмайтынымызға кім кепіл.
Ал көрші Ресейде санитарлық ережелер қатаңдатыла бастады. Мамандар ел астанасындағы ауруханаларда орын санын арттырып, тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Бұған аймақтағы эпидемиологиялық ахуал себеп. Десе де, билік әзірше локдаун жарияланбайтынын хабарлайды.

Сондай-ақ...