Францияда коронавирус кезіндегі алғашқы халықаралық көрме ашылды

Viva Technology деп аталатын Еуропадағы инновациялар мен стартаптардың ең үлкен салоны тұңғыш рет аралас форматта өткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ковид шектеулеріне байланысты іс-шаралардың жартысы онлайнға ауыстырылған. Санитарлық дағдарыс көрменің ұйымдастыру формасына ғана емес, мазмұнына да әсер еткен.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Бұл залда әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық ең озық жобалар жинақталған. Стартаптардың көбі климат өзгерісі мен азық-түлік қауіпсіздігіне арналған. Коронавирус кезінде бірқатар елдің өзін тамақпен толық қамтамасыз ете алмайтыны белгілі болды. Осы мәселені шешу үшін француз кәсіпкері заманауи жылыжай ойлап тапқан. Өсімдіктер тігінен қойылған автономды ғимарат суды 90%-ке, тыңайтқыштарды 70%-ке дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Оңтайлы климатты жасанды интеллект басқарады.

Роман Шмитт, «Farmcube» компаниясының басшысы:

- Климатты осылайша басқару қатты ыстық болатын Біріккен Араб Әмірліктері мен қатты суық болатын Дания үшін қолайлы болар еді. Францияның Мартиника аралындағы топырақты пестицидтер улап тастаған. Өсімдікті топырақсыз өсіру осы мәселені айналып өтуге көмектеседі.

Францияның Жиронда аймағының кәсіпкері су астындағы қоқысты жинайтын сүңгуір робот жасады. Оның жұмысын бейнеойын ойнағандай басқаруға болады. Әзірге робот механикалық шымшуырмен жасақталған. Алдағы уақытта оған шаңсорғыш қосылмақ. Сүңгуір Жерорта теңізінде сынақтан өткізілген. Ол жүз метр тереңдікке дейін түсе алады. Мынау бір күнде жинаған қоқысы.

Дени Блед, «Ender Ocean» компаниясының президенті:

- Ойыншылардың таңданысында шек жоқ. Іс графикамен басталады, сосын екінші деңгейде басқарушы адам роботтың қасынан табылады. Онлайн видео арқылы судың астында не болып жатқанын көресіз. Бұл робот бұған дейін Шотландиядан, Сенегалдан және Таитиден басқарылды.

Сондай-ақ көрмеге ұшатын таксилер, экзоқаңқалар, электр көлігінің сан алуан түрі мен жүздеген жасампаз идеялардың төлтумасы қойылған. Сарапшылардың пікірінше, індет адамзаттың күнделікті тұрмыс-тіршілігін тежегенімен, ғылыми-техникалық жасампаздықты жандандырған секілді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова