Ресейде жалған вакциналау сертификатын сату көбейді

Мамырда шекаралар біртіндеп ашылып, демалыс маусымы тақағанда Ресейде жалған вакциналау сертификатын жасату деректері көбейген. Мұндай қызмет үшін алаяқтар 10 мың рубльден 20 мыңға дейін сұрайды екен. Ақшаны аударғаннан кейін келесі күні мемлекеттік қызметтер сайтындағы жеке кабинетте екпенің бірінші компонентін салдырғаны туралы ақпарат пайда болады. Препараттың әрбір дозасы номерленгендіктен қара нарықта сатып алынған ампулалар қоқысқа тасталатын көрінеді. Бұл туралы жергілікті База басылымы хабаралайды.

Ал сарапшылар жақын арада мұндай деректер саны артуы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты Мәскеу және Мәскеу облысында кей тұрғындар үшін міндетті вакциналау жарияланды. Оған мемлекеттік қызметкерлер, такси жүргізушілері, ойын-сауық индустриясы, қызмет көрсету саласы мен қоғамдық тамақтану өкілдері кіреді. Аталған сектордағы ұйым қызметкерлерінің кемі 60 проценті вакцина салдыруы тиіс. Әйтпесе компанияларға айыппұл салынады. Ережеге бағынбау деректері қайталанатын болса, оның мөлшері бір миллион рубльге дейін жетуі мүмкін. Ресей халқы арасында вакцина салдыруға қатты құлшыныс байқалмайды. Сондықтан сарапшылар жалған сертификат ұсынатын алаяқтар саны көбейе ме деп қауіптенеді. 

БЛИЦ:

- Бас санитарлық дәрігердің бұл шешімін жеке өз басым қолдаймын. Мен екпе салдырдым. Қызмет көрсету саласында жұмыс істеймін. Сондықтан міндетті вакциналау кезінде өзім үшін де алаңдамаймын, клиенттерім үшін де қорықпайтын боламын. Бұған дейін екпке салдыру әркімнің өз еркінде болды ғой. Алайда ниет білдіріп жатқандар аз болса, басқа шаралар қабылдауға тура келеді. Жансақтау бөлімінде науқастар толып жатқанын бәріміз де жақсы білеміз.

- Негізі қазір бізде қос стандарттар көп. Ойын алаңдары жабық тұр, ал бассейн ашық. Ал қазір мына тұрған саябақта балалар ойнайтын алаңдар жабық болу керек еді. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, біз емін-еркін серуендеп жүрміз.

Ал Еуроодақ тұрғындарының үштен бірі пандемия кезінде медициналық қызметке қол жеткізу үшін тамыр-таныстарын пайдаланған. 6 проценті бұл үшін пара берген екен. Тиісті зерттеуді Транспэринси Интернешнл халықаралық ұйымы жүргізген. 27 мемлекеттің ішінде жемқорлық деңгейі ең жоғары елдердің қатарында Кипр, Словения, Болгария мен Румыния бар. Ең төменгі көрсеткіш Финляндияда.

Делия Феррейра Рубиа, Transparency International ұйымының төрайымы:

- Коронавирус дағдарысы кезінде медициналық қызметке қол жеткізу үшін тамыр-таныс көмегіне жүгіну адам өліміне әкеп соқтыруы мүмкін. Өйткені кейбіреулер кезектен тыс екпе алды делік. Немесе танысының көмегімен басқалардан бұрын емделуі де ықтимал. Сонда осал топқа кіретін адамдар мен шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жандар қиналып, тіпті өліп кетуі де мүмкін.

Еуроодақ тұрғындары медициналық қызметке қол жеткізу үшін таныстарын пайдаланып жатса, американдықтар керісінше дәрігерлердің көмегінен бас тартады немесе кейінге қалдырады екен. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 64 проценті осындай пікір білдіріпті. Өйткені мұндай қызметті қалтасы көтермеуі мүмкін деп қорқады. Джон Хопкинс университетінің дайындаған баяндамасына сәйкес, АҚШ-тың ірі госпитальдері көрсетілетін медициналық қызмет құнын 7 есеге дейін көтеріп жібереді екен. Қазір медициналық қызмет үшін қарыздарды өндіріп алу коллекторлық қызметтің ең жиі кездесетін түріне айналған. Бұл сондай-ақ американдықтардың өзін банкрот деп жариялауының да негізгі себебінің бірі.