Израильде «қызыл» тізімдегі елдерге баруға тыйым салынды

Израиль шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, кейбір елдерге баруға тыйым салды.

Сондай-ақ, қауіпті мемлекеттердің тізімі жарияланды. Бұл елдерге қатынауға болады. Бірақ билік олардан аулақ жүруге нұсқау берді. Коронавирусты жұқтыру жиелеп кеткендіктен Үкімет қатаң шаралар қабылдауға кірісті.

Елде «Бағдаршам» жүйесі қайта іске қосылды. Оған сәйкес елді мекендер эпидахуалға қатысты 4 дәрежеге бөлінген: жасыл, сары, қызғылт және қызыл. Осыдан екі апта бұрын барлығы жасыл еді. Ал енді 4 қызыл, 3 сары және бір қызғылт елді мекен бар. Қызғылт танылған Модиин қаласындағы мектептердің бірінде індет өршіп кетті. Жүзден аса оқушы мен мұғалым оқшауландырған, бұқаралық іс-шаралар мен жиналыстар өткізуге шектеу салынды. Тағы 20 адам дертті жұқтырса, Модиин қызыл дәрежеге ауысады. Абырой болып, ауыр хәлдегі науқастар саны артқан жоқ. Керісінше азайып барады. Қазір олардың саны жиырмаға да жетпейді. Мамандардың пікірінше, бұл вакциналауға байланысты. Ересектер сирек ауыратын болды, ал балаларда ауру жеңіл өтеді.

Ран Балисер, Пандемиямен күресу кеңесінің басшысы:

– Дельта штамы жақсы вакциналанған елдерде де тарайтынын түсіндік. Тез жұғатындықтан, індеттің қайта өршу ықтималы жоғары. Израильде азаматтардың көбі Пфайзер препаратының екі екпесін салдырған. Осы және біз қабылдаған карантиндік шаралардың арқасында вирус өзге елдердегідей бізде тарап кетпейді деген үміттеміз.

Үкімет қатаң шараларды қолға алды – айыппұл мөлшерін көтеріп, қызыл тізімдегі елдерге баруға тыйым салды. Арасында Ресей де бар. Тыйымға қарамастан эпидахуалы нашар елдерге барып-қайтқандар бір жарым мың еуро  айыппұл төлеп, екі апта бойы карантинде отыруы тиіс. Сондай-ақ, жұғу қаупі жоғары елдер тізімі жарияланды. Мәселен, оған Қырғызстан мен Беларусь енді. 

Нахман Эш, Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің Бас директоры:

– Азаматтарды бұл жағдайға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Аса қажет болмаса, шетелге шықпаңыздар. Өйткені ел аумағына вирустың аса қауіпті штамдарының таралып кету қаупі жоғары.

Десе де, ауруды жұқтыру деректері жиілеп барады. Күн сайын 200-ден аса науқас анықталып жүр. Үкімет әрі қарай да осылай жалғасса, локдаун жариялануы мүмкін деп ескертті.

Авторы: Сергей Ауслендер