Нидерландта бірқатар шектеу шарасы енгізіледі

Нидерландта індеттің қайта күшеюіне байланысты бірқатар шектеу енгізіледі. Себебі соңғы уақытта жастардың вирусты жұқтыруы күрт өскен.

Осыған байланысты билік мейрамхана мен дәмханалардың түнгі 12-ден кейін жұмыс істеуіне тыйым салуды шешті. Ашық аспан астында өтетін іс-шараға қатысушылар саны 1 мыңнан аспауы керек. Жабық ғимаратта 500 адам ғана жинала алады. Ал ресми дерекке қарағанда Нидерландта соңғы бір күнде коронавирусты 7 мыңнан аса адам жұқтырып алған. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткіштен 7 есе көп. Мамандар вирусты жұқтырғандардың басым бөлігі жастар деп отыр.