Батумиде инклюзивті жағажайлар ашылды

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасау Грузиядағы туризм саласының маңызды бағытына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батуми жағажайларында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған алаң пайда болды. Бұл өмірі теңізге түсіп көрмеген мүгедек жандар үшін нағыз бақыт. Судың жағасын заманауи стандартқа сай жабдықтау 8 мың доллар тұрады. Арнайы жағажай осы шілдеде ашылды.

Теа Какабадзенің теңізге шомылмағанына 11 жыл болған.

Теа Какабадзе, жергілікті тұрғын:

– Ашылғалы осында 3 рет келдім. Мұндай жағажай мен үшін маңызды, бәрі қолайлы жасалған. Құлап қаламын деп қорықпайсың. Нұсқаушылар да әрқашан қол ұшын беруге дайын.

Арнайы дайындықтан өткен мамандар таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыста. Жағажайға келу үшін әлеуметтік желі арқылы алдын ала жазылуға болады. Сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай құтқару костюмдері, суға шомылуға арналған арбалар, арнаулы жолдар, сусебезгілер мен шешінетін орындар бар. Бәрі тегін.

Софико Лазишвили, Батуми бульвары директорының м.а.:

– Біз жағажайда демалу үшін мүмкіндігі шектеулі жергілікті азаматтарға да, шетелдіктерге де бірдей жағдай жасаймыз. Осындай инфрақұрылымның болуы елдегі туризмнің дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтенуі үшін де үлкен мүмкіндік тудырады. Олар сау адамдармен бірге тең дәрежеде тыныға алады.

Батуми бульвары – аймақтағы ең танымал орын. Бұл жер үнемі кеңейтілу үстінде. Кез келген жаңа жобада мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнап жағажай салу әркез ескеріліп отырады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина