Ақтаудағы түрме жатақханасының опырылуы: Бір сотталушы жансақтау бөлімінде жатыр

Ақтаудағы түрме жатақханасының қирауынан зардап шеккен 8 сотталушының денсаулығы бірқалыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төртеуі жеңіл жарақат алуына орай кері қайтарылды. Қол-аяғы сынып, миы шайқалған тағы 4 адам қазір дәрігерлердің бақылауында. Бірі жансақтау бөлімшесінде жатыр. Естеріңізге сала кетсек, кеше ГМ 172/6 түзету мекемесінде сотталғандар жатқан жатақханалардың бірінің 2 қабатты ғимараты құлады. Апат болған сәтте ішінде 10 адам болған. Олардың 9-ы сыртқа шығарылды. 2 жазасын өтеуші көз жұмды.

Айберген Сәуірбаев, көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

- Травматология бөлімшесінде 3 науқас жатыр, бүгінгі таңда. Жағдайлары жақсы, бірқалыпты. Ал 1 науқастың жағдайы ауырлау. Ол жансақтау бөлімшесінде жатыр. Ол кісі аппаратта. Бірақ қан қысымы, жүрек соғысы бірқалыпты. Ем алып жатыр.