Австралияда тағы карантин күшейді

Австралияда карантин тағы да күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басты себеп - коронавирустың «Дельта» штамы. Оңтүстік Австралия штатында 7 күндік локдаун жарияланып, Виктория штатында шектеулер бір аптаға ұзартылды. Елдегі ең ірі Сидней қаласының халқы бір ай карантинде отыр. Тұрғындарға дүкендер мен емдеу орталықтарына баруға, сондай-ақ далада спортпен шұғылдануға ғана рұқсат беріледі.

Керри Чант, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының бас санитар дәрігері:

- Коронавирусқа жеңіл қарауға болмайды. Бұл өте ауыр індет. Жансақтау бөлімдеріне түскен науқастардың күрт артқанын көріп отырмыз. Көбі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл вирусты тез арада тоқтату керек.

«Лямбда» штамы 30-дан астам елде тіркелді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Төтенше аурулар бөлімі техникалық тобының басшысы Мария Ван Керкхове айтты. «Бұл COVID-19-дың жаңадан тарап жатқан нұсқасы, оны мамандар мұқият зерттеп жатыр», деп мәлімдеді. «Лямбда» штамы өткен жылдың аяғында алғаш рет Перуде табылған болатын.