Түркияда толассыз нөсер соңы алапат тасқынға ұласты

Түркияның солтүстік-шығысындағы 2 провинцияда толассыз жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылдардың бірінде ағыны қатты үлкен су бір үйді шайып әкетті. Бұдан басқа, жолдарға, көпқабатты үйлер мен кәсіпорын ғимараттарына зақым келді. Елдің Ішкі істер министрі табиғи апаттан 1 адамның жоғалып кеткенін және 200-ден астам тұрғынның қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлімдеген. Абырой болғанда, тасқыннан ешкім зардап шекпеген. Апат аймағында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Осы мезгілде Қара теңіз жағалауындағы елді мекендер жыл сайын су тасқынынан зардап шегеді. Өткен аптада Ризе провинциясында табиғи апаттан 6 тұрғын қаза тауып, 2-уі ұшты-күйлі жоғалып кеткен болатын.