Қытайда тайфуннан қаза тапқандар саны 69 адамға жетті

Қытайдың шығысында ойран салған «Ин-Фа» тайфунынан қаза тапқандар саны 69 адамға жетті.

Сондай-ақ Чжэ-цзян провинциясында желдің екпіні күшейіп, ақ жауын құйып тұр. Метеорологтар дүлей дауылдың жылдамдығы кей жерде секундына 30 метрге жеткенін айтады. Жағалау бойындағы мектептер, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар жабылды. Әуе және теміржол қатынасы да үзілді. Синоптиктердің болжамы бойынша, дауылдың екпіні әлі бірнеше күн бойы басылмайды. Тайфун кейін Жапония жаққа ойысуы мүмкін. Экономикалық шығын 720 мың доллардан асып түскен.

ИТАЛИЯДА ТАБИҒАТ ТОСЫН МІНЕЗ КӨРСЕТТІ

Италияда бұршақ араласқан жаңбыр жауып, Милан мен Неаполь арасындағы тас жолда жүздеген көлікті зақымдап, бірнеше адам жарақат алды. Билік автомагистральдің бір бөлігін уақытша жабуға мәжбүр болған. Бұдан басқа, Сардиния аралында ормандағы өрт әлі ие бермей жатыр. От 20 мың гектар аумақты жалмап үлгерген. Шаруа қожалықтары мен ғимараттар өртеніп, үй жануарлары қырылды. Қазір тілсіз жаумен 7 мыңнан астам адам күресіп жатыр. Оларға ондаған ұшақ пен тікұшақ көмек беруде.