Түркияда жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жаза күшейтілуі мүмкін

Түркияда жалған ақпарат таратқандар бір жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл туралы конституция комиссиясының өкілі Али Өзкая мәлімдеді.

Айтуынша, бірқатар Еуроодақ елдері Түркиядағы сияқты қауіп-қатерді бастан кешіріп отыр. Қалыпты өмірдегі қылмыс болып табылатын әрекеттер әлеуметтік медиада да қылмыс болып есептеледі. Дегенмен, жалған аккаунттардың кесірінен оған қарсы тиімді күрес жоқ.  Сондықтан бұл мәселе шешілуі тиіс. Аталмыш заң ұсынысы қазан айында ел парламентінде қарастыру жоспарланған.

Айта кеткен жөн, Түркияда әлеуметтік медиа қолданушыларының саны 60 миллион. Елде орташа есеппен әрбір қолданушы 3 сағат уақытын осы интернет парақшаларында өткізеді екен.

Али Өзкая, Түркия конституция комиссиясының өкілі: 

- Германияда құқыққа қайшы мазмұны бар жазба анықталған жағдайда әлеуметтік желі қолданушысына контент алып тастауы үшін 24 сағат уақыт беріледі. Әйтпесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады. Германияда азаматтар заңсыз жазба жариялаған жағдайда қылмыстық іс қозғауға құқылы. Сондай-ақ «ескерту - алып тастау» шағым жүйесі енгізілген. Біздің ережелерде де бұл тармақтар болуы тиіс.