Түркияда жеті аумақ әлі өртеніп жатыр

Аптап ыстық әлемнің апшысын қуырып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жерорта теңізі жағалауында осы ыстықтың салдарынан өрт көбейген. Тіпті жалын елді мекендерге таяп қалды. Италия мен Грекияда тұрғындар көшіріліп жатыр. Түркиядағы орман өрті де әлі толық сөндірілген жоқ. Бірақ бір қызығы, осыған қарамастан Ресейдің туристік операторлары Түркияға демалуға деген сұраныс 15 процентке артқанын хабарлайды. Ресей демекші, ел астанасы Мәскеуде аптапқа байланысты қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды.

Грекияда ауа температурасының 40 градустан төмен түспей тұрғанына бір аптадан асып кетті. Қаладағы кондиционері жоқ үйде тұратын тұрғындар үшін арнайы суыту жүйесі орнатылған залдар ашылды. Еңбек министрі ашық аспан астында еңбек ететін қызметкерлердің жұмыс уақытын қысқартуға кеңес берді. Ал қоршаған ортаны қорғау және энергетика министрі тұрғындарды электр энергиясын тұтынуды азайтуға шақырды. Метеоролгтар аптаптың беті жуық арада қайта қоймас деп топшылайды. Күннің ыстығына байланысты ормандарда өрт көбейген. Демалыс күндері 120-ға жуық өрт ошағы тіркелген. Қауіпті аймақта тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр.

Димитрис Мациорос, фермер:

- Менің зәйтүн ағаштарым өртеніп кетті. Өнімді сақтайтын сарайым күлге айналды. Тауықтарым мен қояндарым да өртеніп кетті. Тек ірі жануарларым ғана аман қалды.

Өртті әлдекімдер қасақана қойған болуы мүмкін

Италияда да орман өртеніп жатыр. Тілсіз жау Сицилия аралын жалмады. Мұнда Катания қаласында қызыл жалын тұрғын үйлерге таяп қалған. Билік 200-ге жуық адамды қауіпсіз жерге көшірді. Олар өрттен ығып, жағажайға тығылған. Мамандар бұл азаматтарды қайықпен эвакуациялады. Жергілікті әуежай уақытша қызметін тоқтатты. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жауға аптап ыстық себеп болған. Алайда кейбір ақпарат құралдары отты бәзбіреулер қасақана қоюы мүмкін екенін хабарлайды.

Жеті аумақ әлі өртеніп жатыр

Бұған дейін түріктің Иени Сафак басылымы елдегі орман өрті үшін жауапкершілікті «Күрдістанның жұмысшы партиясы» лаңкестік ұйымымен байланысты топ өз мойнына алғанын хабарлаған. Алайда елдің ішкі министрі әзірге олай деуге ерте екенін айтады. Ол тергеу әлі жалғасып жатқанын және бұған барлау қызметі тартылғанын жеткізді. Түркияда орман өрті өткен аптада басталған еді. Соңғы ақпар бойынша мамандар 125 аумақта өрт сөндірілген. Әлде де жеті аумақ өртеніп жатыр. Тілсіз жаудан 8 адам көз жұмып, 900-ға жуығы жапа шеккені белгілі.  

Ибраһим Озбай, Манавгат тұрғыны:

- Өрт басталғанда дүние-мүлік жайымен қалды. Аман қалсақ екен деген оймен басымыз ауған жаққа кетіп қалдық.

Температура 45 градусқа дейін көтеріледі

Метеорологтар алдағы күндері Мысырда да күннің қатты ыстық болатынын айтады. Мұнда ауа температурасы 45 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. Аптап екі аптаға созылады.

Қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды

Мәскеуде де бүгін күн ыстық. Қауіптіліктің қызғылт-сары деңгейі жарияланды. Мәскеуден бөлек мамандар Ресейдің орталық бөлігінде де аномальді ыстық болатынын ескертіп отыр.