Кабулда коменданттық сағат енгізілді

Ауғанстан әскері «Талибан» күштерінің алдында тізе бүкті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарбаздардың біразы көрші елдерге қашып, бірнеше қала тәліптерге соғыссыз берілді. Халықаралық сарапшылар «Талибанға» қарсы 20 жыл бойы ауған үкіметінің әскерін дайындауға жұмсаған АҚШ пен НАТО-ның миллиардтаған доллары далаға кетті дейді. Тәліптердің қысымынан бас сауғалаған босқындар нөпірі де көбейді.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Америкалық әскилер тәліптер Кабулды 1-ден 3 ай аралығында басып алады деп болжаған болатын. Бірақ «Талибан» бір аптаның ішінде провинциялар мен қалаларды бірінен соң бірін тізе бүктіріп, ел астанасына тез жетіп келді. Кабул да соғыссыз беріліп, билік бейбіт жолмен табысталды.

Рамиш Салеми, сарапшы:

- АҚШ президенті Байден әскерін алып кетемін деген сәттен бастап «Талибан» шабуылды бірден күшейтті. Ауғанстандағы соғыстың себеп-салдары өте күрделі. Адамның қаны суша төгіліп жатыр. Бұл қырғын 40 жылдан бері жалғасып келеді. Сыртқы алпауыт күштердің ауған жеріндегі тартысы азаматтық соғысқа ұласты. Ауғанстанның стратегиялық мүдделердің түйіскен жерінде, оның ішінде Орталық Азияда орналасқаны өзіне сор болып тұр. Менің ойымша, елдің тағдырын ауған халқы жан-жақты келіссөздер арқылы өз қолына алуы тиіс. Бұл ішкі мәселе.

Тәліптер бақылау орнатқаннан кейін тұрғындар Кабулдан жаппай кете бастады. Түркия мен Иранның елшіліктерінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Мыңдаған ауған азаматы виза алу үшін тізілген.

Сұлтан Әкімбеков, саясаттанушы:

- Орталық Азия аймағына қатысты босқындардың жағдайын Ауғанстанның ішкі мәселесі тұрғысынан қарастыру керек. Талибан соңғы айда Орталық Азия елдеріне шығатын барлық шекаралық аумақты басып алды. Яғни, бұл тәліптер ішкі аудандарды да бақылайды деген сөз. Сондықтан босқындар нөпірі ағылады деген еш негіз жоқ. Өзбекстан аумағына Хайратон арқылы ауған әскері өтпек болғанын көрдім. Бірақ өзбек тарапы бұған жол берген жоқ. Олар бұл мәселені реттедік деп ресми де мәлімдеді.

Қалалардың арасына блок-бекеттер қойылды. Ары-бері өткендердің құжаты қатаң тексерілуде. Жаппай тәртіпсіздік болмас үшін Кабулда коменданттық сағат енгізілді.

Авторы: Ернат Мелсұлы