Талибан мемлекеттік туды ұстап шыққан тұрғындарға оқ атты

Бүгін - Ауған елінің Тәуелсіздік күні. Бірақ атаулы күнге қарамастан тағы қан төгілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талибан содырлары мемлекеттік туды ұстап шыққан азаматтарға оқ атып, бірнеше адам мерт болды. Елден кетпек болғандарды да қарумен қорқытып, үйлеріне қайтарып жатыр.

Ауғанстан демократиялық мемлекет болмайды

Ауғанстан десек, ең алдымен тұрақсыздықтан iргесi шайқалған мемлекет, есеңгіреген ел мен азып-тозған жұрт елестейді. Ал тізгінге Талибан келгелі бері жағдай тіптен ушықты. Мұндай қарқынмен ауған елі алдағы бiр ғасырда өркениеттiң көшiне iлесе алмайтын шығар. Бірақ мемлекет болып қалыптасқаннан берi соғыстан көз ашпаған елде қандай шырай болсын? Оның үстіне тәліптер «Ауғанстан демократиялық ел болмайды. Мемлекет тек шариғат заңдары бойынша өмір сүреді» дейді. Бүгін Талибан қозғалысы осындай мәлімдеме жасады. Тәліптердің өкілі Вахидулла Хашимидің айтуынша, елді арнайы құрылған кеңес басқарады. Жаңа биліктің діни көшбасшысы ретінде тәліптердің басшысы Хайбатулла Ахундзада тағайындалады. Бұдан бөлек, тәліптер жаңадан қарулы күш жасақтайтындарын да жеткізді. Оның құрамына бұрынғы үкімет әскерінің сарбаздары мен офицерлерін қосу туралы ұсыныс жасалған.

Вахидулла Хашими, Талибан қозғалысының өкілі:

- Сарбаздардың көбі әскери дайындықты Түркия, Германия мен Англияда өткен. Олардың өз қызметіне кірісу үшін келіссіз жүргізіп жатырмыз. Әрине әскер қатарында өзгерістер болады. Реформа жүргіземіз.

Өз кезегінде Ауғанстанның Тәжікстандағы елшісі билік басшысын тәліптер емес, қазіргі вице-президент Амрулла Салех деп атады. Өйткені Ауғанстан Конституциясына сәйкес Ашраф Ғани елден кеткелі бері Салех елдің заңды президенті болып саналады дейді ол. 

Захир Агбар, Ауғанстанның Тәжікстандағы елшісі:

- Біздің дипломаттар жұмыс істеп жатқан жердің бәрінде Ауғанстанның мемлекеттік туы ілінген. Тәліптер өздерін ауған билігі ретінде жариялаған жоқ. Олар оны жасай да алмайды. Себебі әлем оларды мойындаған жоқ. Біз барлық кеңседен Ашраф Ғанидың суретін алып тастадық. Сөйтіп оның орнына президент міндетін атқарушы Амрулла Салехтің суретін қойдық.

Айта кетейік, Салех - тәліптердің басты қарсыласы. Ол Панжшер провинциясында ауған моджахедтерінің көсемі, дала командирі Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масудпен бірлесіп, Талибан қозғалысына қарсылық ұйымын жариялады. Панжшер - Талибан бақылауына кірмеген жалғыз аймақ. Ол Кабулдан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде орналасқан.

Әуежайға ағылған ауғандар

Қалай болғанда да, қазір Талибан біртіндеп орнығып, үкімет пен әскер құруға кірісіп жатыр. Бірақ жұрт тәліптердің қоластында өмір сүргісі келмейді. Халық 1996-2001 жылдары аралығында көрген қорлықты қайта көргісі жоқ. Сондықтан шамасы жеткендер бас сауғалап қашып жатыр. Құжаты жоқ болса да, сенім мен үміт арқалаған азаматтар Кабул әуежайына ағылып, елден кетуге асық. Алайда Талибан содырлары әуе айлағын қоршауға алып, тұрғындардың жолын бөгеп тастаған. Топты үйлеріне тарату үшін ескерту ретінде оқ атқан.

Кабул әуежайында азаматтарды эвакуациялау жалғасып жатыр

Қолда бар мәлімет бойынша, Кабул әуежайында азаматтарды эвакуациялау әлі де жалғасып жатыр. Мәселен, Америка тамыздың 14-інен бері 6 мыңдай адамды көшірген. Олардың арасында дипломаттар, арнайы қызмет пен гуманитарлық ұйым өкілдері және жергілікті азаматтар бар. Ал Ұлыбритания 2 мыңнан аса адамды эвакуациялаған. Францияға соңғы бір күнде 200 ауғандық жетсе, Испанияға 50 адам барыпты.

Д.Байден: Әскер 31 тамыздан кейін де қалуы мүмкін    

Жаңа АҚШ елінің 6 мыңдай адамды ауған жерінен әкеткенін айттық. Бірақ Ақ үй басшысының айтуынша, Құрама Штаттарға бас-аяғы 15 мың америкалық пен 65 мыңдай ауған жеткізілуі тиіс екен. Және бұл іс ай соңына дейін жүзеге асырылуы керек. Үлгермеген жағдайда АҚШ әскері Ауғанстанда тағы да біршама уақытқа қалып қоюы мүмкін. ABC телеарнасына сұхбат берген Байден осылай деді. Айта кетейін, негізі АҚШ әскері 1 қыркүйекке дейін Ауғанстан жерінен толықтай кетуі керек-тін.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Ауғанстаннан жайдан жай, ың-шыңсыз кетуге болатын еді деген идеяға сенбеймін. Әскерімізді шығарудың түбі осындай аласапыранға ұрындыратыны бесенеден белгілі еді. Бірақ біз тәліптер елден кеткісі келетін адамдарды ұстап, жібермей қояды деп күтпедік және АҚШ сарбаздарын сол жақта қалдыру туралы шешім қабылдасақ, онда бұдан да көп әскер кіргізуге мәжбүр болатын едік.