Кабулдағы лаңкестік әрекет құрбандарының саны артты

Кабул әуежайында болған жарылыс құрбандарының саны артты.

Соңғы мәлімет бойынша, 170 адам көз жұмған. Арасында америкалық сарбаздар да бар. Одан бөлек 1300-ден аса адамның жараланғаны белгілі.

Естеріңізде болса, кеше әуе айлағының маңында екі ірі жарылыс болған еді. Қанды оқиғаны «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымы» жасағанын мәлімдеді.

Cоңғы ақпарат бойынша, «Талибан» қозғалысының өкілдері Түркия билігіне Кабул халықаралық әуежайын басқаруды ұсынған. Олар ресми Анкараға әуе айлағындағы әкімшілік жұмыстарды сеніп тапсырмақ. Ал қауіпсіздік мәселесін тәліптер өз мойнына алады. Бұл туралы түрік елінің президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді.

Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша нақты шешім әлі қабылданбағанын және сол үшін әзірге әуежайды басқару ұсынысына жауап бермегенін жеткізді. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

–Түркияның Кабулдағы елшілігінде «Талибан» өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Басқосу 3,5 сағатқа созылды. Қажет болса, келіссөздерді қайта өткізуге болады. Тәліптер бізге Кабул әуежайын басқаруды ұсынды. Бірақ біз әлі жауап берген жоқпыз. Өйткені әуе айлағындағы қауіпсіздік мәселесіне алаңдап отырмыз. Кез келген сәтте оқыс оқиға болып қалуы мүмкін. Біз басшылық еткенде, кешегідей лаңкестік әрекет қайталанса, мұны қалай түсіндіреміз?