Грузия үкіметі вакцина салдырғандарға жеңілдіктер бере бастады

Бірақ бұған елдің бәрі разы емес. Жеңілдік арқылы ел арасына жік салудың не қажеті бар деп назаланады кейбір тұрғындар.

Бұл Тбилисидегі вакцина салдырған қонақтарды ғана қабылдайтын алғашқы мейрамхана. Осылайша грузин қоғамы екіге бөліне бастады. Жақында ғана Әділет министрлігі екпе алғандар үшін 50 процент жеңілдік берілетінін жариялады. Тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркелу сияқты кейбір қызметтер тегін көрсетіледі.

Алина Щиткина, Тбилиси тұрғыны:

– Бұлай жікке бөлудің түкке қажеті жоқ деп есептеймін. Вакцина салдыру немесе салдырмау – әр адамның жеке шаруасы. Сондықтан екпе алғандарға артықшылық беру дұрыс емес.

Ведомствоаралық кеңес 13 қыркүйектен бастап вакцина салдырғандар арасында ақшалай лотерея ойнатады. Ұтыс биылғы жылдың аяғына дейін күнде ойнатылады.

Георгий Гибрадзе, пандемиямен күрес жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің штаб басшысы:

– Осы лотерея ойынына тіпті бірінші дозаны ектіргендер де қатыса алады. Мемлекет қаржыландыратын жүлде қоры – 2 миллион 800 лари. Бұл шамамен 64 мың доллар. Күніне 30-160 доллар, ал апта сайын 300-ден 5 мың долларға дейін ойнатылады.

Лотерея компаниясының қолында вакцина алғандар туралы барлық мәлімет бар. Сүйінші хабар бағы жанған азаматтардың телефон нөміріне жіберіледі. Қазір Грузия тұрғындарының 30 проценттейі бірінші, ал 17 проценті ғана екінші дозаны салдырған.

Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина