Қытайлық ең ірі құрылыс компаниясы дефолтқа ұшырауы мүмкін

2008 жылы АҚШ-та Лимэн Бразэс инвестициялық компаниясының құрдымға кетуінен туындаған әлемдік қаржы дағдарысы бұл жолы Қытайдан басталуы мүмкін. Шетелдік сарапшылар қазірден осындай дабыл қағуда. Бұған Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы ең ірі компания – Евэграндтың берешегін өтей алмай, дефолтқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұруы себеп. Осыған байланысты миллиондаған адам жұмыссыз қалмақ. Көрші елдің экономикасындағы ауыр жағдай туралы Қытай сарапшысы арнамызға арнайы пікір білдірді. Бұдан басқа, соңғы 20 жылда 3 рет дефолтқа ұшыраған Аргентина халқы жұмыссыздық пен кедейлікке қарсы бас көтерді.

Қытайда қазір миллиондаған пәтер өтпей тұр. Себебі бағасы удай қымбат. Мегаполистерге келгендердің қалтасы көтермейді. Қытайда соңғы жылдары қалалар саны 687-ге жеткен. Осылайша, бүгінде урбанизация деңгейі 60 проценттен асып отыр.

Лю Фэн, China Galaxy Securities жетекші экономисі:

– Қытайда байқалып отырған дағдарыс негізінен пандемияның экономикаға кері әсерімен байланысты. Ғаламдық экономика кері кетіп, қалпына келу үдерісі күткендегіден төмен жүруде. Жылжымайтын мүлік нарығындағы қарыз болу коэффиценті өте жоғары. Evergrande компаниясының берешектерінің көп бөлігі қысқамерзімді. Оларды өтеу керек. Мерзімі қысып барады. Оның үстіне, ипотекалық несие беру шарттары қатайтылған. Осы себептен компания салған үйлер өтпей тұр.

Evergrande несие беруші ұйымдарға 305 млрд доллар берешек. Құрылыс компаниясы 23 қыркүйекте өтеуі тиіс 83,5 млн доллар қарызын төлей алмады. 29 қыркүйекте 47,5 млн доллар берешек тағы күтіп тұр. Америкалық «Уолл Стрит» журналының хабарлауынша, Қытай билігі атқарушы органдарға «Дефолтқа дайын болыңдар» деген жазбаша нұсқау жіберген. Яғни, үкімет жергілікті мемлекеттік және жекеменшік компаниялармен үйлердің құрылыс аяқтау туралы келісім жасауды және болуы ықтимал наразылық шараларына қарсы қамдануды ескерткен. Дегенмен қытай экономистері дефолтты болдырмауға болады дейді.

Лю Фэн, China Galaxy Securities жетекші экономисі:

– Менің ойымша, Қытайда АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс қайталанбауы мүмкін. Өйткені АҚШ-та жаңа қауіп-қатерге жол ашып берген өте көп қолдан жасалған қаржылық құралдар бар. Ал Қытайда ондайлар атымен жоқ. Компаниялардың қарызы тікелей түседі. Яғни тұтынушылар, құрылыс компаниялар немесе банктермен арада делдалдар жоқ. Мұндағы үлкен мәселе қарыздың қысқа мерзімге жаппай берілуінде болып тұр. Сыртқы берешек соншалықты көп емес. Демек қауіп-қатерді реттеуге болады.