«Адамзат тарихындағы ерекше күн»: безгекке қарсы алғашқы вакцина ойлап табылды

Мамандар безгекке қарсы алғашқы вакцинаны ойлап тапты. Екпені жаппай қолдануға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы рұқсат берді.

Ұйым басшысы Тедрос Геб-рейесустың мәлімдеуінше, екпені жасауға 30 жыл кеткен. Соңғы зерттеулер 2019 жылдан бастап Гана, Кения және Малавиде жүргізілген. Сынақ кезінде вакцина 800 мыңнан астам балаға салынған.

Айта кетейік, безгекті масалар таратады. Одан сақтанудың негізгі жолдары – масаға қарсы торлар орнату және ғимарат ішін жәндік жойғыш заттармен тазарту. Бірақ коронавирус салдарынан соңғы жылдары осындай қарапайым тәсілдердің өзі қолданылмай келеді. Өйткені індеттің алдын алу жұмыстарына бөлінуге тиіс болған 5 миллиард 600 миллион доллардың жартысына жетпейтін бөлігі ғана аударылған.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

– Көптен күткен бұл вакцина бүкіл адамзат үшін нағыз сыйлық. Бұл – ғылымның жемісі және балалардың денсаулығын қорғау ісіндегі үлкен жетістік. Негізі соңғы 20 жылда біз безгекке қарсы күресте жеңіске жете бастадық. 2000 жылдан бастап бұл індеттен көз жұмғандар саны 2 есе азайды.

Дегенмен, безгектен құрбан болғандар саны әлі де азаятын емес. Жыл сайын оны 200 миллион адам жұқтырып, 400 мың тұрғын көз жұмады. Құрбандардың 70 проценті Африка елдерінде тұратын, жасы 5-ке толмаған балалар. Дәрігерлер қазір әр 2 минут сайын аты жаман осы аурудан бір бала бақилық болатынын айтады. 

 

 

 

Сондай-ақ...