Сахара шөлі жасыл желекке айналады

Глазгода өтіп жатқан халықаралық климат конференциясында ағашты отау мен ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту тақырыбы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаһандық форумның екінші күнінде әлем көшбасшылары климаттық өзгерістерге қарсы күресте дамушы елдерді қаржыландыру бойынша ортақ келісімге келді. Әлемдегі орманның 85 процентін иеленетін жүзден аса ел 2030 жылға қарай ағаштарды отауды тоқтатады. Глазгодағы саммитте әлем көшбасшылары осындай келісімге келді. Одан бөлек алқалы жиын қатысушылары 20 миллиард доллар бөлуге келісті. Қаржы осы күнге дейін бүлінген алқаптарды қалпына келтіріп, орман өртімен күреске жұмсалады. Тиісті декларацияға қол қойған елдер қатарында Бразилия, Канада, Ресей, Қытай мен АҚШ бар.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Келіссөздер әлі екі апта бойы егжей-тегжейлі талқыланады. Біз негізсіз үміттен ада болуымыз керек. Жұмыс бітті деп арқаны кеңге салатын уақыт әлі келген жоқ

Ал Африкада әлемдегі ең көп ағаш отырғызылады. Осылайша Сахара шөлін жасыл желекке айналдыру көзделуде. Бүгінде осы жобаға қажет 19 миллиард доллардың жартысы жиналған. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон Глазгода мәлімдеді. Жобаға Дүниежүзілік банк пен жеке адамдар да ақша беріп жатыр. Арасында «Амазон» компаниясының негізін қалаған Джефф Безос бар. Ол 1 миллиард доллар аудармақ. Жасыл белдеудің ұзындығы 7800 шақырымға жетіп, 10 елдің шекарасын қамтиды. 2030 жылға дейін егілген талдар 100 миллион гектар аумақты қалпына келтіруі керек.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

– 10 айда қыруар іс жасалды. Алдағы айлардағы жұмыс та қызу болмақ. Бұл климат дағдарысына ғана емес, сондай-ақ кедейлік және лаңкестікке де қарсы бағытталған үлкен қарекет. Жасыл белдеудің мән-мағынасы құр ағаш отырғызғаннан да тереңде жатыр.

Сонымен қатар ондаған мемлекет басшысы ауаны ластайтын метанның таралуын 2030 жылға қарай 30 процентке азайту туралы келісімге қол қойды. Метан - климаттың өзгеруіне әсер  ететін негізгі факторлардың бірі. АҚШ-тың мұнай-газ саласы оны 75 процентке кемітуді жоспарлап отыр.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Біз бұл міндеттеме туралы БҰҰ-ның Бас ассамблеясында қыркүйек айында айтқан едік. Ол кезде келісімге қол қойған елдердің саны 9 болатын. Қазір олар 100-ге жетіп отыр.

Климаттық өзгерістермен күресуге алдағы бес жыл бойы Жапония қосымша 10 миллиард доллар бөліп отырмақ. Яғни экономикасы дамыған мемлекеттер бірнеше жылға жоспарланған 100 миллиард доллар жинау межесін бір жыл бұрын ерте орындайды. Бұдан бөлек 40-тан астам мемлекет басшысы әлем бойынша таза технологияларды қаржыландыруды ұйғарып отыр.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Ғалымжан Қараманұлы