Ресей білім мекемелеріндегі санитарлық шаралар мерзімін ұзартты

Көршілес Ресейде індетке қатысты білім мекемелерінде енгізілген санитарлық шаралардың мерзімі 2024 жылға дейін ұзартылды. Қазір елде демалыс күндері жарияланған. Мәскеу билігі локдаун мерзімін ұзартпай, қарашаның сегізінен бастап қалыпты тұрмысқа көшуді шешті. Алайда елдің өзге өңірлері бірінен соң бірі адамдардың емін-еркін қатынауына салынған қатаң шектеулер мерзімін ұзартып жатыр.

Ресейде 50 миллионнан аса адам вакциналанған. Алайда бұл берік ұжымдық иммунитет қалыптастыруға жеткілікісіз болып тұр. Жаңа шектеулер енгізілгеннен кейін тек Мәскеуде ғана екпе салдыру көрсеткіші тамыз айымен салыстырғанда бес есе артты. Локдаун кезінде жабылмаған мекемелерге енді тек QR-кодпен немесе мерзімі 72 сағаттан аспаған ПТР-тестпен кіруге болады.

Оксана, дәрігер:

- Емханаларға тек qr-кодпен немесе мерзімі 72 сағаттан аспаған птр-тестпен кіруге болады. Жоспарлы операциялардың түгелі өтіп жатыр. Стационарымыз бен емханамыз кең. Әдеттегідей жұмыс істеп жатырмыз. Бізге телефонмен хабарласқанда, qr-кодсыз қабылдай алмайтынымызды ескертеміз. Жұрт мұны түсініп, құжаттарын әкеп жүр.

Биліктің жарлығына сай локдаун кезінде мұражайлар мен театрлар жабылған жоқ. Бұл халықтың жалғыз ермегі болды. Сондықтан келушілер саны күрт өсіп, билеттері шамамен 20%-ке қымбаттады.

Альберт Бартош, «Глас» театрының актёрі:

- Бәрін жауып, театрларды ашық қалдырды. Бізге жақсы болды. Жұрт QR-кодпен келіп жүр. Әрине біраз өгеріс бар. Зум қолданып, интернет арқылы қашықтан репетиция жасайтын болдық.

Сарапшылар локдаун кезінде жұмыссыздық деңгейі артқанына назар аударып отыр. Ең алдымен шектеу шаралары шағын және орта бизнеске және өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтарға ауыр тиді.

Тимур, бариста:

- Иә, ең бастысы қауіпсіздік ғой. Бірақ жеке өзім жұмысымнан айырылдым. Бәрін жапқаннан кейін күнкөріссіз қалдым.

Ресейдің кей өңірлері демалыс күндері ұзартылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Коми Республикасы және Амур мен Ульяновск облыстарының әкімшіліктері эпидахуал түзелмесе, локдаун мерізімін ұзартуды көздеп отыр. Ал Кубань мен Новгород облысында демалыс күндер 8 қарашадан кейін де жалғасатынын  жариялады. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров