Францияда қарттарға вакцинаның үшінші дозасы салынады

Францияда санитарлық тәртіп қайта күшейді. Бұған аймақтағы эпидахуалдың нашарлауы себеп.

Бір аптада тіркелген науқастар саны 40 процентке өскен. Ал соңғы тәулікте вирус 10 мыңнан астам адамда анықталды. Президент Эммануэль Макронның  халыққа жолдаған үндеуінде елде бұдан былай санитарлық төлқұжаттар қатаң бақыланатынын ескертті. Әсіресе әуежай мен бекеттерде жіті қадағаланбақ. Ал 65 жастан асқан тұрғындарға бір айдан кейін коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасы міндеттелмек. Ал желтоқсан айының басында 50-ден асқан азаматтар қайта егілетін болады. Сонымен қатар аурудың ушығуына байланысты дүйсенбіден бастап ел аумағындағы барлық мектептерде маска тағу режимі қайта күшіне енді.

Айта кетейік, бүгінде Франция әлем елдері ішінде вакцинация науқаны бір ізге қойылған елдердің қатарында. Онда 10 айдың ішінде шамамен 100 млн доза екпе егілген.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Әлі күнге дейін егілмеген 6 млн тұрғынды вакцина қабылдауға шақырамын. Бұл өз денсаулықтарыңыз үшін керек. Вакцина 12 жастан асқан тұрғындардың барлығына қол жетімді. Егілген адам жеңіл түрде ауыратынын білемін. Ауруханаға түсу қаупі 11 есеге қысқарады. Әлемде миллирдтаған адам вакцинамен қорғалды. Соның арқасында жер жаһанды жайлаған эпидемия айтарлықтай  бәсеңдеді.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметі бойынша Еуропада пандемияның жаңа толқыны белең алды. Әсіресе Орталық және Шығыс Еуропа өңірлеріндегі жағдай мәз емес. Бұл аймақта тұрғындардың 50 проценті де вакцина қабылдамаған екен.