Францияда вакциналауға қарсы наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты

Францияға тиесілі Гваделупа аралында вакциналауға қарсылардың наразылық шарасы жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетті. Бұзақылар дүкендерді тонап, жолындағы бар затты қирата бастады. Бір түннің ішінде 38 адам қамауға алынды.

Гваделупа аралында наразылық шаралар бір апта бойы жалғасып келеді. Негізінен ең ірі қала Пуант-а-Питрде өтіп жатыр. Аралдың бүкіл аумағында ертеңге дейін комендаттық сағат жарияланған. Бұған қарамастан шерушілер көшелерде баррикада орнатып, дүкендерді өртеп жүр. Қақтығыстан үш адам жарақат алды.

Жюльен Гедж, дүкен басқарушысы:

– Ашулымын, өйткені биыл басымыздан қиын кезең өтті. Бүгін бізді тонап кеткеннен кейін, бірнеше қызметкеріміз жұмыссыз қалады. Жаңа Жыл жақындап келеді, әдетте бұл қуанышқа бөленетін кез еді. Ал енді кейбір адамда үшін қиын кезеңге айналатын түрі бар.

Жаппай наразылыққа санитарлық төлқұжат енгізу мен медицина қызметкерлерін вакциналау шешімі түрткі болған. Алайда наразылық шараларын ұйымдастырушы кәсіподақтардың мәлімдеуінше, бой көтерудің нағыз себебі экономикалық жағдайдың нашарлауы болып тұр. Аралдағы жұмыссыздық деңгейі Франциядан екі есе жоғары.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

– Саны аз болса да, вакцинаға қарсылық білдірушілер өте белсенді. Өтіріктеріне халық сенбеуі керек. Өйткені дерттен сақтанудың амалы екенін түсініп, екпе салып жатқан Гваделупа, Мартиника, Гвинея тұрғындарының саны өсіп келеді. Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында олар вакцинамен қамтылған. Ал бұл аймақта осындай мүмкіндік бәрінде бола бермейді. Сондықтан басты міндетіміз - вакциналау ең дұрыс шешім екеніне жұртты сендіру. 

Жағдайды тұрақтандыру үшін билік Гваделупаға қосымша полиция бөлімдерін жіберді. Вакциналау науқаны жалғасады. Наразылыққа қарамастан, екпе алғандардың үлесі 33%-тен 50 процентке дейін артты.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан