Әлемнің бірнеше елінде Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше бар 

«Түркі барометрі» сауалнамасында елбасы күллі түркі елдерінің ең беделді тұлғасы деп танылғаны белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Түркияның ең әсем жерлерінде Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл бар. Әлемнің өзге елдерінде де Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі берілген мекемелер кездеседі.

Түркияда елбасын ерекше құрметтеп, «Түркі дүниесінің ақсақалы» деп атайды. Анадолының ең көрікті жерлеріндегі нысандарға Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі берілген. 10 жыл бұрын туристер арасында танымал орын – Каппадокияда, атап айтқанда Невшехир қаласының орталығында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше пайда болды. Адана, Гебзе және Кыршехир шаһарларында да осындай көшелер бар. Ал ел астанасы Анкарада түркі халықтарының мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан тұлғалардың ескерткіштері орнатылған музейде Мұстафа Кемаль Ататүрікпен бір қатарда елбасының да мүсіні бой көтерген.    

Мехмед Улуер, Түркиядағы құрметті консул:

– 2011 жылы марқұм әкем Халил Улуердің ұйытқысымен Невшехирдің екі ауданының ортасындағы даңғылға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Ол түркі халқы үшін маңызды мекен. Бұл жерден өткен әрбір тұрғын Назарбаевтың өмірбаянымен таныс болады.

Елбасын көрші Ресейде де құрметтейді. Шешенстан астанасында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше Путин көшесіне жақын жерде орналасқан. Одан бөлек Грозныйдағы ең көне лицейлердің біріне Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі берілген.  

Елбасы атындағы көшелер Ингушетия мен Татарстан астанасында да бар. 2015 жылы Қазан орталығындағы магистраль атауының Нұрсұлтан Назарбаев болып өзгертілуі бекер емес. Оның бойында халықтар достығының үйі орналасқан. Билік Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудағы зор үлесін жоғары бағалаған. 

– Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың достық қарым-қатынасы жайлы білеміз. Елдер арасында да достық байланыс орнаған. Болашақта да бәрі осылай жалғаса береді деген үміттемін.

Қазақстанмен, жалпы қазақ халқымен қарым-қатынасымыз әрқашанда жақсы.

Таяу Шығыста да елбасы атындағы нысандар бар. 2010 жылдың мамырында Иордания королінің бұйрығымен ел астанасы Аммандағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген.

Кейіннен Иорданияның бұрынғы королінің құрметіне елордамызда Хусейн бен Талал көшесі ашылды.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Вероника Боярова, Самат Әубәкір