Үндістандықтар қыздарын ақша үшін күйеуге ерте беріп жатыр

Үндістандық тәртіп сақшыларын әйел тағдыры алаңдатып отыр. Олар әйел теңдігі парламент деңгейінде талқылану қажет деп санайды. Белсенділердің пікірінше, соңғы кездері қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық көрсету жиілеген.

Үндістан – әлемде әйел құқықтары ең көп тапталатын елдің бірі. Мұнда шарттық неке басым. Тіпті соңғы уақытта жас қыздарды күштеп күйеуге беру жиілген. Дерекке қарағанда, әлемде бала некесінің үштен бірі осы мемлекетте тіркеледі.

Сандеш Тала, құқық қорғаушы:

– Карантиннен миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Салдарынан балалар отбасын асырау үшін көше кезіп, оқуларын тастауға мәжбүр болды. Ата-аналары қыздарын ақша үшін күйеуге ерте беріп жатыр.

Кейде тіпті елде ақылға симайтын оқиғалар тіркеледі. Мысалы, Одиша штатында 17 жастағы жігіт ата-анасы таңдап берген жарын бірнеше айдан кейін өзге еркекке смартфонға сатып, мейрамханадан бір рет қарнын тойдырғанға мәз болыпты. Ал қайын жұртына әйелім отбасылық өмірден шаршап, өз еркімен кетіп қалды деп айтқан.

Аша Мангенштар, жапа шеккен қыздың туысы:

– Біз оның өтірік айтып отырғанын бірден түсіндік. Менің сіңілім мұндай әрекетке бармайды. Сондықтан шұғыл полицияға хабарластық. Оны сатып алған отбасы бергісі келмей, үйге әзер қайтардық.

Қазір бұл істі полиция тергеп жатыр. Жылпос күйеу бала абақтыға қамалған. Ал құқық қорғаушылар елде осыған ұқсас тағы қанша оқиға бар-жоғын анықтауға кірісті.  Барлық ақпарды парламентке жолдап, үкіметтен әйел құқықтарын қорғауды күшейтуді талап етпек. 

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Александр Колюжный, Дмитрий Лукша