Грузияда эпидахуал нашарлап барады

Елде коронавирустың алтыншы толқыны жүріп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Сарапшылар бәріне омикрон себеп дейді. Қазір тәуліктік өсім 5 жарым мың шамасында. Бұл омикрон тіркелмей тұрған кезбен салыстырғанда 2 есе көп. Қазір науқастардың 40 процентінен осы штамм анықталып жатыр. Ай соңына таман көрсеткіш 60 процентке жетуі мүмкін. Өйткені ауру жеңіл өткенімен, штамм тез жұғады. Ең көп оқиға ел астанасы Тбилисиде тіркелді. Әр 3 деректің екеуі осы қалада анықталып жатыр. Мамандар тұрғындарды вакцина салдыруға шақырады. Бұл ретте бонустық жүйе ай соңына дейін ұзартылды. Яғни жасы 50-ден асқан азаматтар екпе қабылдаса, оларға 65 доллардан төленеді.       

Тамар Габуния, Грузия денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Омикронды жұқтырғандар арасында ауруханаға жатқызылып жатқандар аз. Олардың ешқайсысы жансақтау бөліміне түскен жоқ. Басқа мутациялармен салыстырғанда, омикронмен ауырғандар үшін карантиндік мерзім қысқарақ болады. Егер аурудың еш белгілері байқалмаса, 8 күн оқшаулану жеткілікті. Белгілер бар болса, 10 күндік карантинді сақтау керек.