Грузия экономикасындағы тұрақсыздық халыққа қиын соғып тұр

Наурыз айында Грузияда инфляцияның жылдық көрсеткіші 14%-ке жетті. Оны 3% деңгейінде ұстау көзделген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азық-түлік қымбаттап жатыр, ал халық табысы бұрынғы қалпында қалып отыр. Алайда жыл басталғалы экономикада оң үрдіс байқала бастады, бұл ең алдымен туризмнің жандануына қатысты.

Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі :

Сыртқы сауда жақсы жүріп жатқанын айтқым келеді. Экспорт 26%-ке өсіп, 411 миллион доллар құрады. Сондай-ақ туризмнен табыс та артты. Наурыз айында шетел қонақтарынан 175 миллион доллар, ал қаңтарда 400 миллиондай доллар пайда таптық. 

Грузия ұлттық Банкісінің болжамынша, жылдың аяғына дейін инфляция 9%-ке дейн төмендейді. Алайда экономисттер бұған күмәнмен қарайды, олар баға өсуі жалғасатынына сенімді.

Ото Абесадзе, Кавказ университетінің профессоры:

Туризм – маңызды сала, бірақ ол ешқашан да экономиканың басты индикаторына айналмайды. Мұндағы ең бастысы валюталық еркіндік. Үкімет тез арада төлем реформаларын қабылдауы керек, әйтпесе елде инфляцияны жеңе алмаймыз. 

Әлемдегі геосаяси ахуал да кері әсерін тигізіп отыр. Грузия тұтынатын тауарларының жартысынан көбін шетелден әкеледі. Жақын арада сұйық май мен нан қымбаттайтын түрі бар, өйткені осы өнімнің басты экспортері Ресей баж салығын көтеретін болды.  Ал Азия даму банкісінің болжамынша, Украинадағы оқиғаларға байланысты Грузияда туризм, экспорт және ақашалай аударымдар қысқарады.

Авторы: Юлия Тужилкина