Грузияда автокөлік реэкспорты өсіп келеді

Көлік құралдарын белсенді сатып алып жүрген елдердің қатарында Қазақстан да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылардың пікірінше, мұндай қызуғышылыққа Украинадағы жағдай мен Ресейге қарсы қабылданған санкциялар себеп. Сауда қатынастарын жетілдіру және логистиканы дамыту үшін қазақстан мен Грузияға еркін сауда келісімі қажет.

Кавказдағы ең үлкен автокөлік базары. Мұнда 5 мыңдай көлік тұр. Оны сатып алушылар әр елден келеді. Ал демалыс күндері мұнда келушілер саны 20 мыңға жетеді. Өткен жылмен салыстырғанда, автокөлік реэкспорты 45 жарым процентке өсті. Қаңтар мен ақпан айларында 73 миллион долларға көлік сатылды. 

Георгий Хомасуридзе, автокөлік базарының қызметкері:

- Осы көліктер Қазақстанның Алматы қаласына жеткізіледі. Бұл Кавказдағы ең үлкен базар, мұнда Америка мен өзге елдерден көліктер әкелінеді. Украинадағы оқиғаларға қатысты доллар тұрақсыз болды, сондықтан жұрт абыржып, көлік сатып ала алмады. Ал қазір бәрі тұрақталды. Қазақстан - базарымыздағы негізгі сатып алушылардың бірі. 

Грузияда автокөлікті Армения, Украина, Қырғызстан, Түрікменстан сатып алып жүр. Қазақстан бұл тізімде Әзербайжаннан кейін екінші орында. Кәсіпкер Марат Есенов Қазақстан заңнамасына сәйкес үш жылдан аспайтын көлікті сатып алғысы келеді. 

Марат Есенов, кәсіпкер /Казақстан/

- Мұнда көлік сатып алуға келдік. Бізден гөрі едәуір арзан. Бұл неге байланысты? Өйткені баж салығы Қазақстанмен салыстырғанда төмен. Сондықтан осында келіп жүрміз.  

Сарапшылар Қазақстан мен Грузия еркін сауда келісіміне қол қояды деген үмітте. Грузия тарапы Қытай және Еуроодақпен осындай келісімдер жасаған болатын. 

Васо Урушадзе, көлік саласының сарапшысы:

- Елдеріміз еркін сауда келісімін жасауы керек. Бұл Қазақстанға да жақсы болар еді, өйткені нарықты әртүрлендіріп, еуропалық пен америкалық көліктер секілді кез келген өнімді қиналмай сатып алуға болады. Грузияға да пайда әкеліп, реэкспорт өсіп, көлік саласы одан әрі дамитын еді. Бірақ бір мәселе бар. Ресей санкциядан жалтару үшін Қазақстанды қолданбауы қажет, яғни көліктерді Ресей нарығына шығармауы тиіс.

Мамандардың болжамынша, Грузиядан көлік реэкспорты өсе береді және жылдың аяғаны дейін 100% артатын түрі бар. 

Юлия Тужилкина