Батыс елдерінің жойқын санкцияларына тойтарыс бере алдық – Путин

Сәрсенбі күні Владимир Путин Заң шығарушылар кеңесінде сөз сөйлеп, Украинамен қақтығыс тақырыбына тағы тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші ел президенті «Ресейге стратегиялық қауіп төндіреміз» деп шешкендерге жауап ретінде қарымта шаралар болатынын айтып, ескерту жасады. Сондай-ақ ол Ресей экономикасы «санкциялық ереуілге төтеп берді», бірақ соған қарамастан дағдарысқа қарсы шараларды дамытуды жалғастыру керегін жеткізді. Бұған дейін әлеуметтік-экономикалық мәселелерге арналған жиында Путин батыс елдерінің Ресейге қарсы саясаты сәтсіздікке ұшырап, Ресей экономикасы тұрақтанғанын айтқан болатын. 

Владимир Путин, Ресей президенті:

Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз Батыс елдерінің жойқын санкцияларына тойтарыс бере алдық. Біздің банк жүйеміз, ұлттық валютамыз, жалпы экономикамыз оларға төтеп берді және құлдырамады. Керісінше, қазір бізде өнеркәсіп пен инфрақұрылым салаларында жаңа жобаларды іске қосып, аймақтардың әлеуетін дамытуға жол ашылды.

Дегенмен Ресей Украинаға басқыншылығын бастағалы инфляция деңгейі күрт өсті. Сарапшылардың айтуынша, биыл көрші елдегі құнсыздану көрсеткіші 17,8 процент. Ал 2023 жылы 10, 2024-те 7,5 процент төңірегінде болады. Батыс елдері салған санкцияларды ескеретін болсақ, Ресей өз экономикасын 2021 жылғы деңгейге жеткізуі үшін шамамен 10 жыл қажет, – дейді S&P Global Market Intelligence  сарапшылары. Ал Украинаның дағдарыстан шығуына 5 жыл жеткілікті деген болжам бар. Өз кезегінде Есеп палатасының басшысы Алексей Кудрин жыл соңына қарай Ресейдің жалпы ішкі өнімі де айтарлықтай қысқарады деп мәлімдеді. Оның болжамы бойынша жалпы ішкі өнім кемі 10 процентке төмендейді және сәйкесінше, ресейліктердің нақты табысы да азаятынын айтты.